Елордада «Ауыл мектебі» көрмесі ашылды. Көрмеде ХХІ ғасырдағы ауыл мектебінің жағдайы көрсетілген.
Көрменің негізгі мақсаты – ауыл мектептеріндегі инновациялық бастамаларды таныстыру. Бұл фотокөрме өңірлердегі оқу орындарының жаңа технологияларды меңгеруін, бәсекеге қабілеттілігін, елдімекендердің дамуына қосқан үлесін және жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін көрсетеді.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен «Қазақстан халқына» қоры ауыл мектептерін қолдау мақсатында атсалысады. Осы бастаманың аясында көрмеде ауыл мектептерінің қалай өзгергені және олардың болашаққа деген бағдарын көрсететін фотосуреттер ұсынылады.
Көрмеге 30-дан астам фотосурет қойылған, авторлары — фотосуретшілер Әйгерім Бегімбетпен Сабина Әбдімәлік. Олар Жамбыл облысы, Жуалы ауылындағы мектепте болған сәттерді суретке түсіріп, көрме қонақтарына ауыл өмірінің бейнесін паш етеді.
OzgeEpic creative hub директоры әрі жоба кураторы Тоғжан Құрманжанқызы жобаның негізгі мақсатын былай түсіндірді:
«Бұл жобаның басты мақсаты — ауыл мен қала мектептері арасындағы шұғыл арақашықтықты жою. Ауыл мектептерінде де қала мектептерінде бар заманауи құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар болуы қажет. Ауыл баласы мен қала баласы арасында айырмашылық болмауы тиіс. Көрмелер алдағы уақытта Түркістан мен Алматы қалаларында да ұйымдастырылады. Бұл көрмені өткізу арқылы біз шалғай аудандарда да білім беруге жоғары деңгейде көңіл бөлініп, болашақ ғалымдардың ауылдан шыққанына назар аударғымыз келеді.»
Көрмеде түрлі тақырыптар бойынша суреттер қойылған, оның ішінде физика, тіл мен бастауыш сыныптарға қатысты суреттер бар. Сонымен қатар, тәжірибелік алаңда түсірілген фотосуреттер ерекше назар аудартады.
Фотосуретші Әйгерім Бегімбет әлеуметтік жобада қатысу мүмкіндігіне қуанышты екенін жеткізді:
«Жобаға шақырған кезде өте қуандым. Ауылға келгенде жағдайы жақсы мектепті көргенде таңғалдым. Бұрын Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істегенімде, сол мектептердің жоғары деңгейдегі мүмкіндіктерін, балалар үшін жасалған жағдайды көрген болатынмын. Осы сәтте қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті жоюға болады деген ой келді. Жуалыдағы мектепке барған кезде, мен дәл сол Назарбаев Зияткерлік мектебінің үлгісін көріп қатты қуандым. Біздің командамыз бір апта бойы мектепке барып, мұғалімдермен және оқушылармен қарым-қатынас жасадық. Оқушылар тәртіпті, мұғалімдер жастар, мектепте нақты жүйе қалыптасқан. Біз ескі тақта пайдаланған оқушылармыз ғой, ал бұл мектепте интерактивті тақталар мен заманауи технологиялар бар», — деді Әйгерім.
Әйгерім Жуалыдағы оқушылардың білімге деген қызығушылықтары өте жоғары екендігін және әртүрлі тақырыптар бойынша ашық сұхбат жүргізуге дайын екенін атап өтті.
Жамбыл облысындағы Жуалы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің директоры Руслан Сайлаубаев білім беру саласын тұрақты дамыту қорының ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға қосқан үлесін бағалап, мектептің жаңартылған жағдайын айтты:
«Бұл ауданымыздағы жалғыз тірек мектеп болғандықтан, оқушылар саны да артып келеді. Мектебіміз толық жаңартылған, барлық зертханалар мен телестудиялар, арт-студиялар, өндірістік шеберханалар сияқты заманауи құралдармен қамтамасыз етілген. Мұндай мүмкіндіктері бар мектепте баласын оқытқысы келетін ата-аналар көп деп ойлаймын», — деп түсіндірді мектеп директоры.
Бүгінде №15 тірек мектеп-лицейінде 603 оқушы екі ауысымда білім алуда.
Естеріңізге сала кетейік, бұл көрме көшпелі болып табылады, сондықтан көрмені елордалықтар 7 қарашадан бастап айдың соңына дейін тамашалай алады. Сонымен қатар, көрме еліміздің басқа өңірлерінде де ұйымдастырылатын болады.