Жамбыл облысында мектепке жұмысқа орналасқысы келген әйел ерекше әрекетке барып, нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жергілікті тұрғын мектепке мұғалім болып жұмысқа тұру ниеті орындалмаған соң, өзінше «жоралғы» жасап, мектеп директорының кабинеті алдындағы дәлізге және еденге тұз сепкен. Бұл әрекеті үшін оған ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігі – «Жалпы пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Жуалы аудандық сотының мәліметінше, сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жеңіл жаза қолдануды сұраған. Осыған байланысты сот айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.
Нәтижесінде бастапқы 39 320 теңгенің орнына оған 27 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.