2525-10-15

Білім бөлімінде бір ай ішінде 10 миллион теңгеден астам сыйақы берілгені анықталды — Қаржы министрі

Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев аудандық білім бөлімдерінің бірінде қызметкерлерге бір айда 10 миллион теңгеден астам сыйақы аударылғанын хабарлады.

Министрдің айтуынша, цифрлық трансформация шеңберінде енгізілген бюджеттік онлайн мониторинг жүйесі бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

– Қазіргі уақытта білім беру саласында қаржыны мақсатты пайдаланбаудың алдын алуға және тәуекелдерді анықтауға нақты нәтижелер бар. Жасанды интеллект элементтерін қолданудың арқасында 2024 жылы 307 млрд теңге, ал 2025 жылы 132 млрд теңгеге жуық күмәнді төлемдер анықталды, – деді Мәди Тәкиев.

Мысал ретінде ол бірқатар аудандық білім бөлімдерінде қызметкерлерге бір ай ішінде 65 млн теңгеге дейін түрлі төлемдер жүргізілгенін атап өтті. Оның ішінде кейбір адамдарға 10 млн теңгеден астам сыйақы төленген жағдайлар да бар.

– Сонымен қатар, бір ғана банк шоты немесе ЖСН арқылы әртүрлі тұлғалардың атымен айына 66 төлем жүргізілген факті тіркелді. Бүгінде бұл мониторинг жүйесі тек білім саласымен шектелмей, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт бағыттарына да енгізілуде, – деді министр.

 

Соңғы жаңалықтар