2525-10-20

Мектеп оқушысы мұғалімге қол көтерді

Павлодар қаласындағы №11 мектепте күзгі бал кезінде оқушы мен мұғалім арасында келеңсіз жағдай орын алды.

Оқиға жайлы ақпарат Telegram-арналарда жарияланған. Алынған деректерге сүйенсек, мектептің акт залында өткен іс-шара барысында мұғалім ескерту жасағаннан кейін 9-сынып оқушысы әйел ұстазды мойнынан қысып, біраз уақыт тұншықтырған. Кейіннен оқушы мұғалімді босатып, шара өтетін залдан шығып кеткен.

Бұл жағдай бойынша Павлодар қалалық білім бөлімі түсініктеме берді:

– №11 мектепте орын алған оқиғаны растаймыз. Құқық қорғау органдары оқушының ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Іс материалдары сотқа жолданды, – делінген ведомство хабарламасында.

Павлодар облыстық полиция департаменті де бұл ақпаратты растады.

Олардың мәліметінше, оқиғаға байланысты тексеріс жүргізілген. Оқушының әрекеті кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралатын болады.

Соңғы жаңалықтар