2424-11-25

Елордада студент жастарға арналған жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Елордадағы Esil University-де жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл шара жастар саясаты мәселелері жөніндегі қалалық басқарма, «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы, қалалық еңбек ұтқырлығы орталығы және жоғары оқу орындарының бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асты. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасында тікелей байланыс орнату арқылы білім беру мекемелерінің түлектері мен жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға ықпал жасау.

«Жәрмеңкеге 500-ге жуық адам қатысты, олардың көбі үшінші және төртінші курс студенттері. Олар жақын арада мамандықтары бойынша білікті маман атанатын жастар, сондықтан да жұмысқа орналасу үшін ізденісте жүр. 50-ден астам ұйым – мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектордың кәсіпорындары өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды. Біз мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. Биыл бұл жәрмеңке бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл соңына дейін ЕҰУ-да тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді «Астана жастары» ЖРО NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Әсел Болатқызы.

Студенттер жұмысқа орналасуға көмектесетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің тиімділігін ерекше атап өтті.

«Мен «Есеп және аудит» мамандығы бойынша төртінші курста оқимын, болашақта бухгалтер болуды жоспарлап отырмын. Қазір бухгалтердің көмекшісі болып жұмыс істеп жүрмін. Оқуды тәмамдаған соң, болашақта жұмысқа орналасуға дайын болу үшін түрлі мүмкіндіктер іздеудемін. Жәрмеңке – өзіне лайықты жұмыс табуға тамаша мүмкіндік. Мұнда мен көптеген жаңа ұсыныстар мен ақпарат алдым», – дейді студент.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР