2525-10-18

Қаржы мен киберқауіпсіздік: Қазақстанда оқушыларға арналған тың білім сайысы өтеді

Қазақстанда алғаш рет оқушыларға арналған қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік олимпиадасы өтеді

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 9–11(12) сынып оқушыларына арналған қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиада өткізуді бастады.

Жоба оқушылардың қаржы және цифрлық қауіпсіздік салаларындағы білімін арттыруға, сондай-ақ жауапты қаржылық мінез-құлық пен қауіпсіз цифрлық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

Министрлік мәліметінше, олимпиаданың бірінші кезеңі – мектепішілік тур – 2025 жылғы 17 қазанда еліміздің барлық өңірінде офлайн форматта өтеді. Қатысушылар 30 тест сұрағына жауап беріп, тапсырмаларды 60 минут ішінде орындайды. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 30 оқушы келесі кезеңге өтеді.

Төрт кезеңнен тұратын олимпиаданың финалы 2026 жылдың мамыр айында Астана қаласында ұйымдастырылады. Қорытынды кезеңде еліміздің әр өңірі мен республикалық маңызы бар білім беру ұйымдарынан 150-ден астам үздік оқушы қатысады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда 1–11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру бойынша бірыңғай нұсқаулық әзірленіп жатқанын атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар