2525-10-14

Саясат Нұрбек: Елімізде 27 146 ғалым жұмыс істейді

Қазақстанда ғылымға негізделген аумақтарды дамыту жобасы жалғасуда. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Ресей ғылым академиясының (РҒА) Сібір бөлімшесінің делегациясымен кездесу барысында айтты. Делегацияны РҒА вице-президенті, Сібір бөлімшесінің төрағасы Валентин Пармон басқарды.

Кездесу ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту және жоғары технологиялық экожүйелерді дамыту тәжірибесімен алмасуға арналды. Қазақстандық тарап ресейлік ғылым қалашықтарының даму үлгісімен мамыр айында Новосібірге сапар барысында танысқан болатын.

Министрдің айтуынша, ғылым қалашықтары – білім, ғылым, өндіріс және жайлы өмір сүру ортасын біріктіретін инновациялық экожүйелер. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды жедел дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып келеді.

– Ғылым мен инновация – елдің жаңа экономикалық бағытының негізгі өзегі. Қазір елімізде 27 146 ғалым бар, олардың 47%-ы – жас зерттеушілер. Зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен 423 ұйым айналысады, – деді министр.

Кездесу барысында Сібір бөлімшесінің өкілдері өңірдің инновациялық даму моделі – «Лаврентьев тетраэдры» қағидасымен таныстырды. Бұл модель ғылым, білім және өндіріс үштігіне қоса, мемлекеттік басқаруды тұрақты ғылыми-технологиялық экожүйенің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады.

Кездесу соңында Валентин Пармон министрді академик Гурий Марчуктың 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады. Сонымен қатар тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға және ғылым қалашықтарын құру саласында тәжірибе алмасуға уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар