Соңғы уақытта кейбір өңірлерде мұғалімдердің жалған дипломмен жұмыс істегені анықталып, мектептерден шығарылып жатқанын жиі естіп жүрмін. Бүгінде мектептерде білім сапасы жыл сайын төмендеп барады деген пікірлер де жиі айтылып жатыр. Бұл жағдайдың бірнеше себептері болуы мүмкін, бірақ ең басты себеп – жалған дипломмен сабақ беріп жүргендер мен педагогикалық оқу орындарын бітіріп, мектепке “адасып келген” мұғалімдер деп санар едім. Білімсіз мұғалімнен білімсіз шәкірт шығатыны – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома!
Педагогикалық жоғары оқу орындарында жақсы маман дайындау үшін оқытушылар студенттеріне барын салып, пәндерінен терең білім алуына барлық жағдайды жасайды. Бір сөзбен айтқанда, ұлы ұстаздық әдеп пен шеберлікке толы маман дайындау үшін аянбай еңбек етеді. Сонымен қатар, сабақты дұрыс ұйымдастыруды үйрену үшін студенттер мектептерге жіберіліп, іс-тәжірибеден өтеді. Осындай жолдан өткен жас маман мектепке барған соң да, жатпай-тұрмай еңбектеніп, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін үйреніп отыруы қажет. Яғни, теориялық білімін практикамен ұштастырып, мол тәжірибе жинайды. Міне, өз кәсібінің толыққанды иесі болу үшін болашақ ұстаз осындай жолдардан өтеді.
Ал еш жерде оқымай-ақ, диплом сатып алып, мектепте мұғалім болып жүргендерді өмір бойы түсінбей-ақ өтетін шығармын. Мұғалімдік мамандық кез келгеннің қолынан келе беретін кәсіп емес. Ол үшін ең алдымен туа біткен қабілет, сосын терең білім мен мол тәжірибе қажет. Қазір шындығын айту керек, шамасы келсін, келмесін, мектепке әртүрлі жолмен кіріп алғандар көбейіп кетті. Сондай мұғалімдердің оқу мен тәрбиені қатар ұштастырып, балаға сапалы білім беретініне мен өз басым мүлдем сенбеймін. Ал енді мектептерде сапасыз мамандардың көбеюіне кімді кінәлі деп ойлайсыз? Әрине, ең алдымен – біліксіз басшылар. Біліксіз басшының тұсында сапасыз кадрлардың көбейетіні айдан анық. Шындықты айту керек, көпке топырақ шаша алмаймын, қазіргі таңда «адасып келген мұғалімдер» секілді кейбір мектептерде мансапқұмар, билікқұмар, лайықсыз болса да өзін сол саланың құдайындай санайтын білімсіз, біліксіз директорлар кездесіп жатады.
Мектепті басқаруға келген басшының бойында ең алдымен туа біткен қабілет пен дарын болу керек, яғни оқу-тәрбиені дұрыс жолға қоя білетін, білім сапасын арттыру үшін бар күш-жігерін аямайтын, сол жолда табандылық танытып, түрлі идеялар мен кез келген мәселенің оңтайлы шешімін таба білетін іскер әрі әділ болуы қажет.
Мектепті бизнеске айналдырып, тек өзінің жеке басының мүддесін ойлайтын парақор, қарамағындағы мұғалімдердің сағатын аңдып отыратын қабілетсіз басшылармен білім берудің биік белесіне ешқашан шыға алмаймыз. Осындайда Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның…» деген өлең шумақтары еріксіз ойға оралады.
Бүгінгі мектеп партасында отырған әр бала – еліміздің ертеңгі үміті. Тал шыбықтай өсіп келе жатқан ұрпақтың болашағының жарқын болуы мектепте алған білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты екендігі анық.