2525-11-06

Астанада ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны көбейіп келеді

Елордада ерекше білімді қажет ететін балалардың саны жыл сайын өсіп отыр. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) мәліметінше, биыл Астанада 22 мыңнан астам бала осындай санатқа енгізілген. Өткен жылы олардың саны 19 597 болған.

Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, ерекше білім алушылардың 75 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.

— Соңғы бес жылда қалада арнайы білім беру ұйымдарының саны алтыға артты. Қазір елордада барлығы 24 арнайы мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 10 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 5 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 3 арнайы мектеп, 3 арнайы балабақша, 2 оңалту орталығы және 1 аутизм орталығы бар, — деді ол қалалық мәслихаттың отырысында.

Басқарма басшысының айтуынша, қалада бұған қоса 108 инклюзияны қолдау кабинеті бар. Оның 85-і мектептерде, ал 23-і балабақшаларда орналасқан.

— Бүгінде Астанадағы 119 жалпы білім беретін мектептің барлығы инклюзивті білім беру талаптарына толық сай. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 85 пайыз ғана болған еді, — деп нақтылады Сенғазыев.

Сонымен қатар ол техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инклюзивті оқыту жайлы да мәлімдеді.

— Қазір қаладағы 24 колледжде ерекше білімді қажет ететін 334 студент оқып жатыр. 2023 жылы олардың саны 93 болса, 2024 жылы — 112, ал 2025 жылы 125 студент қабылданды. Бүгінде 8 колледжде осындай студенттерге арналған 8 мамандық бойынша арнайы топтар жұмыс істейді, — деді білім басқармасының басшысы.

Соңғы жаңалықтар