2424-11-21

Алматыда дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жаңа ғимараты салынуда

Алматы қаласында Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Бұл маңызды шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қала басшылығы, Парламент және мәслихат депутаттары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар қатысты.

Мәулен Әшімбаев өзінің сөзінде Абай атындағы мектептің жаңа ғимаратының салынуы ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру және педагогтердің мәртебесін нығайтуға тұрақты түрде ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда елімізде оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдайды жасау және сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы осы бағытта үлкен рөл атқарады. Бұл жоба қалалармен қатар, шалғай ауылдарда да білім беру инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді», – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев Абай атындағы мектептің жаңа ғимаратының құрылысы орта білім саласындағы ұлттық брендті қалыптастыруға қосылатын үлкен үлес екенін атап өтті. Ол бұл қадамның қоғамда ұлттық мүддені нығайту мен тарихи сабақтастықты сақтауға мүмкіндік беретінін айтты.

«Абай мектеп-интернатын жаңғырту отандық білім беру жүйесін дамытуға жаңа серпін береді және өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді. Жобаның негізгі мақсаты – ұлы Абайдың «Толық адам» философиясына сүйене отырып, ұлтқа қызмет ететін патриот азаматтарды тәрбиелеу. Бұл бағыттағы жұмыстарды тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарымен үйлестіре отырып жүргізу Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыруға жол ашады», – деп атап өтті Сенат төрағасы. Ол Алматы қаласының әкімдігіне, Оқу-ағарту министрлігіне және жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

Сапар барысында Сенат төрағасы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің басшылығымен, оқытушылары мен студенттерімен кездесіп, университеттің жаңа жатақханаларымен танысты. Осы кездесуде еліміздің ғылыми-технологиялық саясатының басым бағыттары талқыланып, клиникалық зерттеулердің болашағы, ғылыми кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізу мәселелері де сөз болды.

Бұдан бөлек, Сенат төрағасы Алматыдағы №63 жалпы білім беретін мектеп базасында орналасқан ресурстық орталықтың жұмысымен танысты. Бұл орталықта инклюзивті білім беру бағытындағы жаңа тәсілдер белсенді түрде қолданылуда. Парламент депутаттары ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға арналған арнайы бөлмелер, логопед, психолог және басқа да мамандандырылған кабинеттердің жұмысын бағалады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР