2424-11-21

Тұрысбек қажы: Сауда-саттықпен айналысқан молда, білімге салынған ең үлкен “инвестиция”

Өткен ғасыр басында Жетісу өлкесіне білімнің шырағын жағып, ағартушылық бағыт ұстанған Мамания мектебіне биыл 125 жыл толса, оның негізін қалаушылардың бірегейі Тұрысбек қажы Маманұлының туғанына 180, өмірден өткеніне 120 жыл толып отыр.

Ағартушы меценат

Біз сөз етіп отырған Мамания мектебі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы мамыр айында жұмыс бабымен Талдықорған қала­сына бар­ған сапарында жергілікті зиялылар­мен жүздесіп: «Алғашқы қазақ ағар­ту­шылық мектептерінің бірі – Ақсу жерінде ашылған Мамания мек­тебі ұлт руханиятына айрықша үлес қос­ты. Бұл – қазақ тарихындағы білім­ге салынған инвестицияның бастау көзі», деген еді.

Осы орайда, мектептің негізін қа­лаған һәм биыл туғанына даталы жыл толып отырған Тұрысбек қажы Маманұлы хақында айтар бол­сақ, бұл кісінің немересі Еңлік Құдай­бергенқызының естелігінде «Тұрысбек қажы Баянжүрек-Ақтастыдағы Қалқа­бай қыстауында 1844 жылы дүниеге келген. Найман – матайдың қыдыралы тармағынан тарайды. Әкесі Маман Қалқабайұлы мал шаруашылығын кә­сіпке айналдырған ауқатты би бол­ған. Маман бай төрт әйел алған. Бірінші әйелінен Тұрысбек, Бейіс­бек, Сейітбаттал, екінші әйелінен Анға­бек, үшінші әйелінен Құттыбек, Құр­манбек, төртінші әйелінен Есенқұл туған», депті.

Жалпы, бұл әулет – бақ қонып, Қыдыр дарыған үйелмен. Атақты ақын Әсет Найманбаевтың:

«Мәмеке, ой найманға болдың тұтқа,

Ілінер кеме барып Қазығұртқа,

Бір өзіңнен туғанның бәрі қажы,

Мұнан артық жетсін бе, қолың бұлтқа»,

деген бір шумақ тіркесінде зор салмақ жатыр.

Заман ағымын аңдаған Маман бай балаларын білімге және еңбекке баулуды құп көрген сыңайлы, өйткені үлкен ұлы Тұрысбекті он жасында Қапал қаласындағы татар ағайындар ашқан «Якобия» төртжылдық мектебіне оқуға береді. Осында оқып жүріп, зерек жігіт шариғи ілімдерді үйренумен қатар, орыс, өзбек, ноғай, татар тілдерін меңгеріп алады.

«Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда» деп Абай атамыз сол тұстағы ноғай-татар ағайындарды мең­зеп айтқанындай, Тұрсекең дүниенің кілті саудада екенін түсініп, Шаяхмет атты татардан алыпсатар өнерін үйре­неді. Сөйтіп, 1860 жылдан бастап өзінің жеке кәсіпкерлік жолын бастайды.

ап

Суретті жаңғыртып салған – Нұрланбек Жошыбаев

Жетісулық дүлдүл ақын Ілияс Жан­сүгіров меценат-ағартушы Тұрыс­бек Маманұлының кәсіпкерлігі туралы «Бұл кісі қала байлары не қылса, соны қылды. Бұлар капиталмен қазақ ортасына өзгеріс кіргізгені сияқты, тәрбие, салт-сана жөнімен де өзгеріс енгізді. Мешіт салды. Имам ұстады. Мектеп ашты. Бала оқытты» (Жансүгіров І. Көп­томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт», 2005. 4-том. 72-б.) деп жазғанындай, Мамановтар қыр қазағының қолындағы малы мен тері-терсек шикізатын іске жаратып, жыл сайын жаз айларында Орталық Азия – Наманған, Әндіжан, Самар­қан, Ташкент, Бұхарадағы үлкен жәрмеңкелерге отарлап қой ай­датса, одан түскен пайдаға Ақсу, Қапал, Сарқан, Жаркент, Лепсі, Семей өңірлерінде жекеменшік сауда орта­лықтарын ашады. Тіпті кейбір жылдары Тұрысбектің сауда керуені шекара асып, Үрімжі-Құлжаға дейін тауар жеткізген екен.

Осы әулеттің келіні, атақты Үпі қажы Жүсіпұлының қызы Ғазизаның естелігінде: «Тұрысбек қажы өз балаларын және інілерін оқытып, сау­да-саттық кәсібіне бағыттап, әкесі Маманды, бауырларын, балаларын мол байлыққа жеткізеді. Інілеріне Ақсу мен Қарағашта дүкен ашып береді. Бұл кісінің арқасында әкесі Маман жоғары беделге, атақ-даңққа бөленді», деп жазыпты.

Тұрысбек кәсіппен айналысу үшін 1880 жылдары Сүттіген өзе­ні­нің бойындағы үлкен құнарлы алқап­ты сатып алады. Ол жерге туған-туыс­тарымен, балаларымен қосылып, өзі­нің қыстауын, көк шатырлы Еуропа үлгісіндегі зәулім үй, мұнаралы мешіт, медресе, тігін фабрикасын және диірмен салғызады. Осылай Қарағаш қалашығы бой көтеріп, бұрынғы бұйығы қыстау нағыз шаруашылық мекеніне айналады. Қайын жұрты Наманғаннан бағбан алдырып, бау-бақша өсіреді.

Белгілі Алаш қайраткері Жақып Ақбаев кәсіпкер Тұрысбектің адал ісі мен имани әрекетіне риза болып, ол кісі дүниеден өткен соң «Айқап» журналы (1913 жыл, №7): «Марқұм Маманов Тұрысбек қажы қазақ арасындағы «асқан данышпан адам» деп саналған еді. Көзі тірі кезінде халықтан ешнәрсе аямаған. Ол өз ұлдары Құдайберген мен Тәңірбергенді сауда жасайтын жақсы татар адамдарымен таныстырған, солар саудаға үйреткен. Осы бір ғажап адамның содан кейін қайтыс болғаны өкінішті-ақ, ол өзі әлі де халқын көптеген ізгі істерімен даңққа бөлер еді. Тұрысбек 18 жыл болыс болған, осы уақыт ішінде пара алмаған, өзгенің атын мінбеген, қазақтардың бірде-бір қойын жемеген, оларды зорлық-зомбылық жасап жылатпаған, халқын ақшаға сатпаған. Осының бәрі оған жұмақта еселеніп қайтсын»,  деп жазыпты.

Сол сияқты ақын Ілияс Жан­сү­гіровтің Орталық мемлекеттік архив қорында (1368-қор,1-тізбе, 1-іс) сақталған «Менің – өмірбаяным» атты жазбасында: «Матайдағы атақты Маман – Тұрысбек тұқымы саудамен айналысты. Қала-қаладан дүкендер ашты. Қырға қыдырма шығарды. Жердің тәуірін иеленді. Көк төбелі үйлер салды. «Жұрт ақсақалы» болып, ел ішінің билеу тәртібі тізгінін қолына алды», деп жазыпты.

Осылай кәсібін жүйелеп, ісін ілге­рілетіп, інілерін сауда-саттыққа баулып, қазақша айтқанда, құйрық-жалы жетілген соң, Тұрысбек қажы 1873 жылы 29 жасында Арасан еліне болыс  болып сайланып, қалған ғұмырында ағартушылық ісімен айналысуды құп көрген екен.

 

Білікті мәмілегер

«Тұрысбек қажының ағартушы­лық саласындағы зор жетістігі – 1899 жылы Қарағаш ауылында балалар­ға мұсылманшылық әдебін үйретіп, имандылыққа баулитын «Мама­ния» медресесін ашуы. Бұған себеп бұл кісінің 1886 жылы Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеп келуі еді», дейді жазушы-өлкетанушы ­Шәкен Күмісбаев. Қасиетті мекенге ба­рып, иман нұрына шомылып қайт­қан Тұрысбек сөзі жетер жұртты шари­ғат жолына шақырған. Бұл іс жергі­лікті патшалық билікке ұнамағаны байқалады. Оған дәлел 1887 жыл­дың мамыр айында Қапал уезінің бас­тығы Жетісу губернаторы Фридеге жаз­ған рапортында: «Тұрыс­бек Маманов Меккеге барып келген соң, мұсылман фанатизмі тура­лы уағыздар айтып, халықты бұ­зып жүр. Бұны бұлай қалдыруға болмай­ды», депті. Пат­ша­лық билік «Т.Маманов бұдан былай қажылыққа жіберілмесін» деген шешім қабылдапты.

Бірақ уақыт өте келе жоғарыдағы шешім өзгертілген. Осы тақырып бо­йынша ұзақ жыл зерттеу жасаған жа­зушы Шәкен Күмісбаевтың пайы­мынша, Тұрысбек Маманұлы жер­гілікті билік өкілдерімен мәмілеге келіп, жоғарыдағы шешімінің күшін жойдырған. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «малы бардың мәмілесі де зор» екенін танытқан.

Сөйтіп, Тұрысбек қажы 1903 жылы екінші дүркін бәйбіше, тоқалымен бірге қажылық парызын өтеу үшін Араб еліне аттанған. Бұл оқиға тура­лы Сапар Байжан атаның 1996 жылы жарық көрген «Қажыға барған қазақ­тар» атты кітабында «60 жастағы Тұрыс­бек Маманов әйелдері Әбу және Кәукен үшеуі № 11783 нөмірлі төлқұжатпен қажыға барды» деген мәлімет жүр. Осы сапарында үлкен әйелі Әбу сол жақта қайтыс болып, топырақ Хижаздан бұйырған екен.

Әуелі 1899 жылы медресе сипатында ашылған «Мамания» мектебі уақыт өте келе заман талабына сәйкес оқу мерзімі 3 жылдықтан басталып, 1904 жылы 6 жылдыққа, кейін 1909 жылы 8 жылдыққа ұзартылыпты. Бұл мектептің мұғалімдері Мұстақым Малдыбаев, Мұхаметқали және Фатима Есенгелдиндер, Файзрах­ман Жићангеров, тағы басқалары Түркия, Қазан, Уфа қалаларында оқыған. Оқушылардың саны 1918 жылы 200 шәкіртке жеткен. Мектепті бітірген М.Ермектасов, Ә.Кәрімов, М.Еркінбеков, тағы басқа түлектерді Тұрысбек қажы өз қаражатымен Қазан, Омбы, Орынбор қалаларындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға жіберіп, мектепті білімді ұстаздармен қамтамасыз етіп отырған. Алаш арысы Мұхаметжан Тынышбаевтың ерекше талабын бағалап, оның жоғары оқу орнына түсуіне қамқорлық жасаған.

«Бұл мектепті Тұрысбек қажы то­лықтай өзінің қаражатын жұмсап аяғынан тұрғызып, өзі өмірден өткен­ге дейін тұрақты қаржыландырып отыр­ған. Мектеп қасынан шәкірттер жататын 60 орындық жатақхана, мұ­ға­лімдерге арнап үй салдырды. Мек­тептің егістік-шабындық жерлері болды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін бұл мектепте бір маусымда 200-ден астам бала білім алған», деп жазады қажының немересі Еңлік Тұрысбе­кова 2021 жылы 11 желтоқсанда «Жетісу» газетінде жарық көрген «Мамания» мектебі халық жадында» атты мақаласында.

Зерттеуші Армиял Тасымбеков «Қазақ әдебиеті» газетінде (1996 жыл,­ ­­2 сәуір, №14) «Мамания» мектебі­нің түлек­тері һәм оқу ошағының көр­кеюіне үлес қосқан тұлғалар қатарында Алаш арыстары Мұхамеджан Тыныш­баев, Ілияс Жансүгіров, Отыншы Әлжа­нов, Көлбай Төгісов, Жақып Ақбаев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев, ақын Сара Тастанбекқызынан бастап кейінгі ақын-жазушылар: Кәкімжан Қазы­баев, Құдаш Мұқашев, Ғали Орма­нов, Мейрам Қашқынбаев, қоғам қайрат­керлері: Кеңес Одағының батыры Есмұрат Сиқымов, Біләл Сүлеев,  Же­кен Қалиев, Дүйсетай Бекежа­нов, Мұхтар Арын, Әубәкір Жошы­баев, академик Жұрымбек Сыды­­қов,  т.б. тұлғалардың атын атап, түсін түс­тепті.

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, қазақ даласының бір пұшпағы Жеті­су өлкесіне білімнің нәрін сепкен Мама­новтардың үлкені һәм бірегейі Тұрыс­бек қажы Маманұлы 1904 жылы 60 жасында дүниеден өтіп, өзінің туып-өскен жерінен топырақ бұйырыпты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР