2424-11-21

Оқулықтардың сапасын арттыру жолдары: педагогтар мен ата-аналар пікірі

Білім саласындағы маңызды мәселелердің бірі — мектеп оқулықтарының құрылымы мен мазмұн сапасы. Бұл мәселе жақында «Алматыкітап баспасы» ұйымдастырған жиында талқыланды. Іс-шара Астанадағы Ы. Алтынсарин атындағы Кітап үйінде ашық диалог форматында өтті. Басқосуға оқулық авторлары қатысып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Алматыкітап баспасы» тек мектеп оқулықтарын ғана емес, оларды толықтыратын қосымша әдебиеттер, балалар мен оқу әдебиеттерін, мектепалды ұйымдарға арналған оқу-әдістемелік кешендер шығарумен де айналысады. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет іске қосылған TopIQ.kz электрондық оқулықтар платформасын да негізін қалаған осы баспа. Іс-шараның ашылуында «Алматыкітап баспасының» президенті Гауһар Айтжанқызы баспаның жұмысы мен мақсаттары туралы айтып өтті.

– Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты — баспа туралы ақпарат беру және оқулықтар авторларымен таныстыру. Баспамызда 300-ге жуық автор жұмыс істейді, олардың көпшілігі — педагогтар мен ғалымдар. Мысалы, Роман Қадырқұлов қазақ тіліндегі алғашқы «Информатика» оқулығын жазған автор. Бұрын бұл оқулықтар тек орыс тілінде болды, ал қазір қазақ тілінде де қолжетімді. Әсел Ақпаеваның «Математика» оқулығын бүкіл елдегі бастауыш сыныптар пайдаланады. Бүгінгі кездесуде оқулықтар туралы туындаған сұрақтарға жауап ала аласыздар деп ойлаймын, – деді ол.

Оқулықтардың сапасы туралы пікірталас жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталғанда ата-аналар мен мектептер тарапынан айтылатын сындар көбейіп кетеді. Баспа вице-президенті, «Әдебиеттік оқу» оқу құралын жазған Асима Дәулетбекқызы оқулықтардың сапасы мен сынға қатысты өз пікірін білдірді.

– Бүгінгі күні ата-аналар балаларға ұсынылған оқулықтардың сапасына қатысты өз жауапкершілігін сезініп, белсенді пікір білдіруде. Әрине, оқулықтарға қатысты сындар болуы мүмкін, бірақ ол сындар кәсіби мамандардың көзқарасынан емес, көбінесе ата-аналар мен басқа да мамандардың тарапынан айтылатыны анық. Біз сыни пікірлерді ескере отырып, оқулықтардың мазмұнының тек қателерден емес, толыққанды әрі тиімді білім беруге бағытталғанын түсіндіруге тырысамыз. Әсіресе қазіргі балалар бейнелік қабылдаушылар болғандықтан, оқулықтар визуалды түрде тартымды болуға тиіс, – деді ол.

Мектепке дейінгі білім беру оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендердің авторы, Сайра Жиенбаева да өз пікірін білдіріп, авторлардың бірлескен жұмысының нәтижесінде балаларға түсінікті әрі тиімді оқулықтар әзірленіп жатқанын атап өтті.

– Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жаңа стандарттары мен бағдарламалары әлемдік тәжірибеге сәйкес жаңартылды. Осыған байланысты, біз балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған оқу құралдарын дайындадық. Бұл жұмыс авторларға өте қолайлы жағдайда жүргізілді. Біз тек оқулық емес, оқушылардың қызығушылығын арттыратын материалдар да әзірледік, – деп С. Жиенбаева оқулықтардың әзірлеу процесі туралы айтты.

«Алматыкітап баспасының» әдіскері, 2-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы Фарида Лекерова да қазіргі балалардың ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне сәйкес оқулықтарды жасаудың маңыздылығын атап өтті.

1-4 сыныптарға арналған «Математика» оқулығының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Әсел Ақпаева оқулықтың халықаралық сапа талаптарына сәйкес дайындалғанын және функционалдық сауаттылыққа тапсырмалар енгізілгенін айтты. Ол 4-сыныптың оқушыларына арналған тапсырмаларда әртүрлі валюталар туралы түсінік берілуі, оқулықта кездесетін тапсырмалар күрделенгенін, бірақ оқушының өзіндік шешім қабылдауға бағытталғанын атап өтті.

Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті, «География» оқулығының авторы Руслан Қаратабанов қазіргі оқулықтарда функционалды сауаттылықты дамыту қажеттігін айтты.

– Оқулықтар тек теориялық білімді ғана емес, өмірлік жағдайларда қолдануды үйретуі керек. Бұл — біздің жаңа оқулықтардың басты бағыты, – деді ол.

Жиын соңында баспа өкілдері оқулықтардың әзірлену процесі мен оларды сараптамадан өткізу туралы да айтты. Оқулықтар мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жасалып, сараптама мен редакциялаудан өтеді. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім мазмұнын сараптау орталығы оқулықтарды тексеріп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР