Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Адами капиталды дамыту және кәсіби бағдар беру орталығында мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыруға арналған кезеңдік нұсқаулықты әзірлеу бойынша жұмыс тобы өз қызметін бастады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Нұсқаулық бастауыш сынып мұғалімдеріне, пән педагогтеріне, сынып жетекшілеріне және кәсіби бағдар беру мамандарына арналмақ. Онда кәсіби бағдар жұмысын жүргізуге арналған нақты іс-қимыл алгоритмдері, сабақтардың үлгілік сценарийлері, ата-аналар мен әлеуметтік серіктестермен өзара әрекет ету формалары, сондай-ақ нәтижелерді бағалау мен мониторинг жүргізудің бірыңғай талаптары көрсетіледі.
Жұмыс тобының құрамына педагогтер, кәсіби бағдар саласының мамандары, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкерлері енген.
Аталған бастама оқушылардың кәсіби бағдарлану жүйесін жетілдіруге және мектеп деңгейінде бірыңғай тәсілді қалыптастыруға бағытталған. Бұл болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беретін тиімді құрал болмақ.