Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті аса ірі мөлшерде мемлекет қаржысын жымқыру дерегін анықтап, оған қатысы бар адамдардың заңсыз әрекетін әшкереледі.
Тергеу нәтижесінде белгілі болғандай, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылындағы мектептің бас есепшісі Айнұр Ералиева өзіне сеніп тапсырылған мектеп директорының электронды цифрлы қолтаңбасын пайдалана отырып, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған.
– Мектеп мұғалімдері М.Айжігіт, А.Жарықбаева, Ж.Өтепбергенова, А.Нұрмұханова, Г.Баймағамбетова, Г.Жомартпен алдын ала сөз байласып, бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырған. Оның сыбайласы Айбол Таупиқов қылмысты іске асыру кезінде көмек көрсетіп, жымқырылған қаржыны бөлісу мен жасыруға жәрдемдескен. Сондай-ақ М.Айжігіт, А.Жарықбаева, Ж.Өтепбергенова, А.Нұрмұханова, Г.Баймағамбетова, Г.Жомарт сияқты бірқатар мұғалім аталған топтың әрекетіне қатысып, жымқырылған қаражатты өзара бөліскен. Тергеу деректері бойынша қылмыстық топ 2022-2024 жылдар аралығында мемлекетке жалпы сомасы 42 млн 500 мың теңгеден астам материалдық залал келтірген, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен Айнұр Ералиева ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда, сот ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес оның 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаның орындалуын 5 жыл мерзімге кейінге қалдырды.
– Сонымен қатар ол 10 жыл мерзімге қаржы және бухгалтерлік есеп саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Айбол Таупиқовқа ҚК-нің 63-бабы қолданылып, 7 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалды. Қалған 6 мұғалімнің әрқайсысына 2 жылдан 2 жыл 4 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді, – делінген департамент хабарламасында.
Аталған іс бойынша мемлекетке келтірілген залал сотталушылардан өндіріледі.
Еске салсақ, Қызылорда облысында прокурорлар жыл басынан бері 200 мыңнан астам адамның құқығын қорғады.


