Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Қайсар Жұмабек ұстазының жетекшілігімен су сапасын тексеретін тестері бар дронның прототипін жасап шығарды. Ол болашақта су және ауыл шаруашылығы нысандары үшін ауадай қажет болуы мүмкін.
Шағын дронға орнатылған құрылғылар сутегі иондарын (pH), электрөткізгіштік, еріген заттардың жалпы мөлшерін және басқа да маңызды көрсеткіштерді өлшей алады. Деректер компьютерге немесе смартфонға сымсыз байланыс арқылы тікелей жіберіледі.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою, профилактикалық жұмыстарды шешу кезінде ұшқышсыз басқарылатын ұшақ аппараттарын қолдану идеясы барған сайын танымал бола түсуде. Жоба жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаевтың айтуынша, бұл идея екеуара әңімелесіп отырғанда пайда болыпты.
– Бірде Қайсар қазіргі қоғам дрондарды түрлі салада жаппай қолданып жатқанын, әсіресе оны ата-анасы ауыл шаруашылығында тиімді түрде қолданып жүргенін әсерлене отырып әңгімеледі. Бұл әңгіме бізге үлкен идея берді. Жаңадан жоба жасаймыз, оны дрон арқылы іске асырамыз деген шешімге келдік. Біздің өңіріміздің халқы экология мәселелеріне ерекше алаңдайды. Әсіресе, су мен ауа тазалығын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін үнемі тексеріп отыру өмірлік маңызды дүниелер. Өзендер мен көлдердің ластануы ағынды сулардың, тыңайтқыштардың және өндірістік қалдықтардың әсерінен болуы мүмкін. Сондықтан біздің дронымыз өзен-көлдердің тазалығын, құрамын тексеруі керек деген ұйғарым жасадық, – дейді жоба жетекшісі.
Жоба иелері сапалы прототип жасау оңайға соқпағанын айтады. Ең басты міндеттердің бірі – өлшегіш тестерді дронға сенімді әрі ұқыпты бекіту қажет болған. Бұл тұста олар 3D принтердің көмегіне жүгінген. Құрылғы арқылы бекіткіш жасап, тестерді дронға орнатады. Бұл тестер смартфонға сигналдар жіберіп, судың құрамы туралы ақпарат береді. Бастапқыда қажетті анализаторды табу да көп уақытты алған екен. Екеуі барлық мүмкіндікті пайдаланып, ақыры нәтижеге қол жеткізген.
– Қайсар екеуіміз жасап шығарған прототип зауыттық баламалардан арзан. Құрылғы судың тазалығы маңызды болатын кез келген салада қолданылуы мүмкін. Қарапайым адамдар үшін бағасы қолжетімді, – деп қосты Жасұлан Меңдібаев.
Ұстаз бен оқушы бүгінде дронды сәтті түрде сынап үлгерген. Баянауылдағы Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдерінде, сондай-ақ Ертіс пен Усолка өзендерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, судың құрамын тексеріп көрген. Көлдердегі көрсеткіштер сын көтерерлік деңгейде, ал өзен суларының параметрлері қалыпты нормаға сай екенін анықтаған. Екеуі алдағы уақытта прототиптерін жетілдіріп, конструкциясын нықтай түспекші. Барлығы дұрыс шықса, болашақта бұл дрондарды сериялық түрде құрастыру жолға қойылуы мүмкін.
Айтып өтейік, Қайсар бүгінде 13 жаста. Айтуынша, роботтехникамен, түрлі аппараттарды құрастырумен әуестенеді. Мектепте география пәнін, соның ішінде геологияны сүйіп оқиды. Келешекте ол дрон құрастыру саласында мамандануды қалайтынын жеткізді.


