Бүгін 2025 жылы 23 маусымда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен QAZBILIM ұлттық лицейлер желісі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумның мақсаты – білім беру саласындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту, оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыру, цифрлық білім ресурстарын енгізу және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру.
Құжатқа Абай университеті атынан академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, ал QAZBILIM ұлттық лицейлері желісі атынан QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы қол қойды.
Кездесу барысында тараптар білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыру, заманауи педагогикалық технологияларды енгізу және университет студенттерінің кәсіби тәжірибесін ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, ортақ бастамаларды жүзеге асыруда ғылыми-зерттеу, сараптамалық және ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетуге уағдаласты.
Абай университеті мен QAZBILIM ұлттық лицейлері желісі арасындағы бұл әріптестік алдағы уақытта білім беру сапасын арттыруға және заманауи мұғалім тұлғасын қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобалардың негізі болмақ.