-26 C
Нур-Султан
26.02.2021

Елімізде тұңғыш «Білім тарихы» музейі ашылды

2014 жылғы 26 қыркүйекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тәуелсіздік мұратына қызмет ететін тұңғыш «Білім тарихы» музейі ашылды, — деп хабарлайды университеттің аспасөз қызметі.
Қазақстан «Білім тарихы» музейінің тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, кешегі Кеңес одағы кезеңінде республиканың оқу-ағарту саласын он жылдан аса басқарған Қожахмет Балахметов, белгілі түрколог ғалым Мырзатай Жолдасбеков қатысты.
Тұсаукесер рәсімде жазушы Әди Шәріповтың зайыбы Клара Мыңжасарова Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа «Білім тарихы» музейі үшін қаламгердің жеке мұрағатынан құнды жәдігерлер тапсырды.
«Білім тарихы» музейінің лентасын ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қиды. Бұл «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудың, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттаудың ерекше үлгісі. Шетелдік іргелі музейлердің тәжірибесін пайдаланған бұл музей ұлт игілігіне, жұртшылық асыға тамашалайтын тағылымы мол тарихи орынға айналары сөзсіз.
Түсіне білгенге, бүгін жай ғана музей ашылып отырған жоқ, сан мың жылдың шежіресі жазылған «Білім тарихының» жаңа беті ашылып отыр. Мұражай Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің идеясы бойынша жасақталды және оған Қазақстанның ағарту саласындағы өткен ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі жәдігерлер мен құнды ескерткіштер жинақталып отыр.
Министр өз сөзінде кешегі кеңес заманында, одан бергі Тәуелсіздік алған жылдар ішінде білім, ғылым, оқу-ағарту саласына үлес қосқан жандардың аз емес екенін айта келіп: «Солардың бірі де бірегейі Темірбек Жүргенов деді. Бірақ елімізде мұражай жоқ. Сондықтан ақпарат беру үшін осындай музей ашу туралы ой келді. Бүгін сол идеяны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырып отырмыз», деді министр Аслан Сәрінжіпов.
Музейді ашудағы мақсат – ұлан-ғайыр территориялық аймақта ғасырлар бойы қалыптасып, сақталған мол мәдени-ағартушылық құндылықтарды жинақтай отырып, жұртшылық назарына ұсыну. Және жастардың бойына ізгілікті, білімге құштарлықты, тарихқа құрмет пен мақтаныш сезімін дарыту. Бағалы музей заттары мен мәдени құндылықтар жинақтамасын көпшілікке көрсету арқылы өткен тарихқа оң көзқарас қалыптастыру.
Қазақстан «Білім тарихы» музейі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратындағы «Астана» атриумына орналасқан. Музей экспозициясын құру жұмыстарына ЕҰУ қаражат бөлді. Музейдің тұжырымдамасын дайындауға, әрі музей экспозициясын құруға педагогика тарихы, музей тарихы саласында ғылыми-зерттеулер жүргізген тәжірибелі ғалымдар жұмылдырылды.
otkrytie-muzeya-3Жалпы аумағы 400 шаршы метрден асатын мұражайға кірген адамды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың портреті мен «Еліміздің басты байлығы – сапалы білім» деген даналық сөзі қарсы алады. Оң жағында Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев, сол жақта Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Бұхар жырау, Жәңгір хан суреттері ілініп, аты-жөндері алтын әріптермен жазылып қойылды. Сөредегі тарихи жәдігерлер әр жылдардан сыр шертеді, әсіресе өткен күннің байырғы құндылығын тамашалауға болады. Әрине, оның бәрін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, көзбен көріп, санамен сезіне білу керек. Тәуелсіздік жылдары туған ұрпақ білмеуі мүмкін, бірақ кешегі Кеңес одағы тұсында мектепте білім алған азаматтардың кеудесіне окябрят, пионер, комсомол төсбелгілерін тақпағандары кемде-кем. Күні кеше ғана келмеске кеткен кеңестік дәуірдің бұл атрибутикалары мен мектеп жабдықтары сол кезеңге қайта оралғандай әсер қалдырады.
Алты бөлімдегі 48 арнайы сөреде білім беру жүйесінің тарихы барынша көрсетілген. Музейге келген қонақтар осы экспозицияда бейнеленген жазба және заттай ескерткіштер арқылы білім тарихымен таныса алады. Бұл кейінгі жас ұрпақтың өткен тарих тағылымын жан-жақты танып-білуіне үлкен мүмкіндік туып отыр деген сөз. Музейге ғылым, білім, мәдениет саласындағы көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі жәдігерлер арқылы көрсетіліп, жекелеген заттары (суреттер, құжаттар, мақалалар, хаттар т.б.) қойылған. Сондай-ақ Қазақстаннның білім беру мен ағартушылық саласына шет елдік ғалымдардың қосқан үлесі де музей мазмұнын аша түседі.
«Назарбаев зияткерлік мектебі», «Нұр Орда», «Жас ұлан», «Зерде» сынды тәуелсіздік алғаннан кейінгі елімізде бой көтерген жаңа бағыттағы мектептер мен «Назарбаев университеті» секілді жоғары оқу орнының қызметі де экспозициядан орын алды.
Экспозициялық кешеннің негізгі бөлігі ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бүгінгі таңдадағы білім, ғылым, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері оқу орнының құрылған уақытынан бастап көрсетілуі музей көрермендері үшін үлкен олжа.
Экспозицияда орын алған макеттер, диораммалар, баға жетпес құндылыққа ие скульптуралар, граммафон, мөр, қабырға сағат, білте шам, сия сауыт, қыл қалам, осының бәрі музейге келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Қазақстандағы «Білім тарихы» музейі Елбасы тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, болашақта білім және ғылым саласы тақырыптарын кеңінен ашу үшін түрлі тақырыптарда семинар, конференция, симпозиум, көрмелер, сонымен қатар, шығармашылық кездесулер, музыкалық кештер, тұсаукесерлер өткізу сияқты игі шараларды да жоспарлап отыр. Өздеріңізге мәлім, Астанадағы көптеген маңызды жиындар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді. Бұрын келген қонақтар Күлтегін ескерткіші, «Жазу тарихы» музейі және Л.Н. Гумилевтің мемориалдық музей-кабинеті сияқты біліми-мәдени ошақтарды араласа, ендігі жерде «Білім тарихы» музейін де тамашалайтын болды.

-ЖАРНАМА-

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Жақсы жаңалық екен,құтты болсын!Мәңгілік ел ,мәңгілік білім алуға ұмтылады,ел мұраты деген осы.

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Вице-министр сапасыз ЖОО-лардың қандай қитұрқы әрекеттер жасайтынын нақты атады

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов өзінің facebook.com парақшасында кейбір жоғары оқу орындарының тексерістен өту үшін қандай амалдарға баратынын егжей-тегжейлі жазды. *** Алдыңғы жазбада біз неге...

Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде педагогтердің өзі «шпаргалка» қолдануды әдетке айналдырған – Д. Смағұлов

2020 жылы  Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде Ережені бұзған 1202 мұғалім анықталса, 2021 жылдың 19 күнінде ғана бұл көрсеткіш 349-ға дейін өскен. Бұл туралы Ұлттық тестілеу...

Қайырымды істер марафонына елорда студенттері қосылды

Қайырымды істер марафонына Нұр-Сұлтан студенттері қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастары астанадағы қарттар үйінің ауласын тазартып, қайырымды істер бастамасына қосылды. Ел Тәуелсіздігінің...

Вице-министр сапасыз ЖОО-лардың барлық былығын әшкере етті  

Білім сапасын қамтамасыз ете алмаса да, дипломдарды оңды-солды беріп жатқан жоғары оқу орындарының жабылуы – елдің және Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың қауіпсіздігіне тікелей...

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту керек — сенатор

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен отырыста сенатор Алтынбек Нұқұлы бір топ депутаттардың атынан...