2525-07-31

Қазақстандық оқушылар халықаралық STEM олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды

2025 жылғы 14 шілдеде Испанияның Барселона қаласында өткен International STEM Olympiad байқауының финалында қазақстандық оқушылар тарихи жетістікке қол жеткізді. Елімізден алғаш рет сегіз оқушы беделді халықаралық олимпиаданың гранд-финалына өтіп, түрлі аталымдар бойынша жүлделі орындарды иеленді.

Аталған олимпиадаға әлемнің 35 елінен, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Түркия, Сауд Арабиясы сынды мемлекеттерден 800-ден астам оқушы қатысты. Байқау бес бағытта ұйымдастырылды: кодтау, математика, жаратылыстану және технология, жасанды интеллект (AI Challenge) және көркем-жарнамалық фильм.

Қазақстанның намысын Астана, Алматы және Павлодар қалаларынан келген оқушылар қорғады. Олар төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді:

  • Нурасыл Рыскүлбеков – «Жаратылыстану» санатында үздік 30 қатысушының қатарына кіріп, финалда «Кодтау» бағытында алтын медаль (1-орын) жеңіп алды.

  • Арман Әубәкір – «Математика» санатында алтын медаль (1-орын) иегері атанды.

  • Жәнібек Нұрхамитұлы, Арман Әубәкір және Бижан Ашыяхатов – «Кодтау» бағытында күміс медаль (2-орын).

  • Алихан Танат пен Нурасыл Рыскүлбеков – «Кодтау» бағытында қола медаль (3-орын).

  • Айша Темірхан – «Жаратылыстану» санатында күміс медаль (2-орын).

  • Жәнібек Нұрхамитұлы мен Нұрмұхамбет Лағылай – «Математика» санатында күміс медаль (2-орын).

  • Алихан Танат, Мадина Ержанқызы және Нурасыл Рыскүлбеков – «Математика» санатында қола медаль (3-орын).

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 2 алтын, 6 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, халықаралық білім алаңында жоғары нәтиже көрсетті.

Бұл оқушылар 2024 жылы Астанада өткен іріктеу кезеңінде анықталған болатын. Аталған байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан 200-ден астам оқушы қатысқан. Олимпиада Астана қаласы әкімдігінің, «Astana Innovations» АҚ, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Астана қаласының Білім басқармасы және «STEM Academia» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылған еді.

STEM Academia директоры Залқарбек Мураталиұлы бұл жетістікті еліміздегі ғылым мен технологияға деген жастардың қызығушылығының нақты көрінісі деп бағалады:

«Тоғыз жыл бұрын біз ұйымдастырған алғашқы олимпиадаға небәрі 20 оқушы қатысқан болса, бүгінде 2000-нан астам өтінім түседі. STEM олимпиадасын жергілікті әкімдіктермен және әріптес ұйымдармен бірлесе өткізіп келеміз. Қуантарлығы – бұл бастама нақты нәтиже беріп жатыр. Жас буын ғылым мен технологияға бет бұруда, және олардың бүгінгі жетістігі – соның дәлелі», – деді ол.

Ал «Астана дарыны» орталығының басшысы Жанар Бейсенбаева STEM бағытындағы байқаулардың маңыздылығына тоқталып өтті:

«STEM Academia-мен бірлесе отырып, біз дарынды оқушыларды анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Жасанды интеллект пен STEM салаларындағы жобалар оқушылардың қабілетін дамытып, оларды болашаққа дайындауда шешуші рөл атқарады. Барселонада өткен олимпиададағы жеңіс – Қазақстанның білім беру жүйесі үшін зор жетістік», – деді ол.

STEM-олимпиадалар мен қолданбалы жобалар оқушылардың білімін тереңдетіп қана қоймай, оны нақты өмірлік мәселелерді шешуге қолдануына мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстанда STEM-білім беруді дамыту – болашақ мамандарды даярлауда стратегиялық бағыттардың бірі. Ел ішінде бұл салада заманауи зертханалар мен пәндік кабинеттер ашылып, мұғалімдер үшін арнайы біліктілік арттыру курстары жүйелі түрде өткізіліп келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР