Ұлттық тәрбие мен заманауи білім: бұл екеуін қатар ұсынатын мектеп жүйесі мүмкін бе? Бұл сұраққа нақты жауап беріп жүрген білім ордаларының бірі — QAZBILIM ұлттық лицейлері. Мектеп оқушыны тек академиялық жетістіктерге жетелеумен шектелмей, оның ұлттық болмысын, дүниетанымын қалыптастыруға да ерекше назар аударады.
Осы орайда Todayinfo.kz тілшісі QAZBILIM Қостанай ұлттық лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәрсенбек Бақытұлымен сұхбаттасып, еліміздің білім беру саласындағы түйткілдер, ұлттық мектеп моделінің ерекшелігі мен жетістіктері, қазақ тілінің қазіргі ахуалы және мұғалім кәсібінің маңызы туралы кеңінен әңгіме өрбітті.
Білім беру жүйесінде соңғы жылдары қандай өзгерістер байқалуда?
Қазіргі білім саласының жағдайы туралы айтқанда екіге бөліп қараған жөн. Бірі әлемдегі білім саласында орын алып жатқан тенденциялардың еліміздегі білім саласына әсері, енді бірі – білім саласындағы ішкі реформалар.
Өкінішке қарай тәуелсіздік алғаннан бері соңына жеткен білім саласында жүйеге түскен реформа қазірге жоқ. Реформалардың дені сол салаға жауапты министрдің өзгеруіне байланысты аяқсыз қалып жатады. Сондықтан бұл салаға басшыға емес, тиянақты жүйеге негізделген өзгерістер керек. Ал, қазіргі атқарлып жатқан бірсыпыра жобалар өз-өзін ақтай ма, жоқ әлде министрдің ауысуымен тоқтап қала ма, оған уақыт төреші.
Оның сыртында жаһандануға байланысты , әлемдік деңгейдегі бәсекелестік және жаңа технологиялардың жылдам дамуы секілді факторларда білім саласына айтарлықтай ықпал етеді. Ол әуелі жаһандану мәселесінде анық көрінеді. Жаһандану дегеніміздің өзі құндылықтар таласы. Кімнің жасап отырған құндылығы бәсекелестікке төтеп бере алады сол қалады. Біз бұл тұрғыдан сыртқа маман дайындап беріп жатқандай әсер қалдырады маған.
Бұл біздің елдің оқушыларының ойлау деңгейі төмен дегенді білдірмейді. Соларға қажетті жағдайды жасап бере алмай отырмыз. Үш ауысымды мектептердің саны әлі де көп. Тіпті екі ауысымды мектептің болуының өзі парадокс.
Ұлттық мектеп үлгісін енгізу барысында қандай маңызды жетістіктерге жеттіңіздер?
Біз ұлттық мектеп құру идеясын Ыбырай, Ақымет аталарымыздың істеп кеткен жұмысының заңды жалғасы деп түсінеміз. Бұл жобаның мектеп ретінде жұмыс істеп жатқанына биыл үш жыл болды.
Бұл – балаға ұлттық тәрбие мен заманауи білімді тең сіңіретін бірегей жоба. Мақсат елге адал қызмет ететін тұлға тәрбиелеу. Бұл жағынан алғанда, жетістіктеріміз де аз емес. Қатарынан екі жыл QABILIM AQTAU ұлттық лицейі Маңғыстау облысындағы үздік мектептер көшін бастаса, жалпы ұлттық лицейлердегі оқушыларымыз білім, спорт, өнер бойынша қала, облыс, республика деңгейіндегі жарыстардан топ жарды. QAZBILIM ALMATY ұлттық лицейінде құрылған «Сарын» ұлттық аспаптар ансамблі республикалық байқаудан бас жүлдені жеңіп алып, Дубайға жолдама алды. QAZBILIM QARAGANDY ұлттық лицейінің оқушылары Робототехника және бағдарламалау бойынша «RED Fest» халықаралық фестивалінде І орынды жеңіп алды.
Сегіз қаладағы ұлттық лицейдің жүздеген оқушысы түрлі деңгейдегі олимпиалардан топ жарса, биылдың өзінде жетпіске жуық оқушымыз IELTS емтиханын сәтті қорғап 5.5-8.5 аралығындағы жоғары нәтижені көрсетіп отыр. Ал, Шетелдің үздік университеттері мен Назарбаев Университетінің грантын жеңіп алған оқушыларымыздың саны да біршама! Бұл қысқа бірнеше жылдағы ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз.
COVID-19 пандемиясынан кейін оқу процесін жаңғыртуда қандай тәжірибелер қолданылуда?
Пандемия кезінде шын мәнінде біздің ел ғана емес, әлемде біраз ел оқыту мәселесінде тығырыққа тірелгені белгілі. Бұл өз кезегінде білім саласында жаңа реформалар мен жаңа технологияларды оқыту ісінде үйлестірудің жаңа кезеңіне келгенімізді түсіндірді. Осы бағытта мемлекет біршама жұмыстар жасауға талпынып-ақ жатыр. Осы жұмыстар формалды болып қалмаса болды деп тақым қысып отырамын. Бұның бір жағы жергілікті жердегі білім басқармаларының қадағалауына барып тірелсе, бір жағы ұстаздың академиялық адалдығына барып тірелетін шаруа.
Қазіргі күнде Цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны секілді білім беруді де осы технологиялардан бөлек қарай алмайсыз. Онлайн оқу платформалары, қашықтан оқыту жүйесі, электронды оқулықтар, электронды бағалау жүйесі кең қолданысқа енді. Бірақ бұл жүйенің барлығы интернет сапасы мен мұғалімнің ақпараттық-технология сауаттылығына барып тіреледі.
Сол секілді функционалдық сауаттылық оқушының қаржы сауаттылығы, медиасауаттылығы, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру бүгінгі заман талабы. Еліміз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі керек деп есептеймін.
QAZBILIM ұлттық лицейінің басты мақсаты мен миссиясы неде деп ойлайсыз?
Қазақтың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебіміздің таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» деп осыдан бір ғасыр бұрын айтқан еді. Біздің ұлттық мектеп деп жүргеніміз осы қазақтың жанына жақын мектептер жүйесін қалыптастыру. Біздің басты міндетіміз де, миссиясызда сапалы біліммен сусындаған, ұлттық рухқа суарылған, бәсекелестікке қабілетті тұлға тәрбиелеу. Сол мәреден көріне алсақ, біздің де арманның орындалғаны.
Лицейде ұлттық сипат қалай көрініс табады? Қазақи педагогика мен заманауи әдістерді қалай үйлестіруде?
Әуелі ұлттық сипаттың көрініс алуы мұғалім іс-әрекетіне байланысты. Сабағында, сергіту сәтінде, қоңырауда ұлттық ойындарды ұйымдастыруға басымдық береміз. Сонымен бірге біздің оқу бағдарламамызда «Ұлттық спорт», «Тоғызқұмалақ», «Домбыра» пәндері арнайы сабақ ретінде өтіледі. «Наурыз» мейрамында да әр сыныпқа қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін жаңғыртуды тапсырамыз. Оны оқушылар өздері ізденіп алып шығуы керек. Ұлттық салт пен дәстүрден, қазақ дүние танымына байланысты интелектуалдық ойындарды да жиі ұйымдастырып тұрамыз.
Ең маңыздысы біздің барлық қаладағы ұлттық лицейлердің қабырғасы ұлттық нақышта сөйлеп тұр. Бұда балаға үнсіз тәрбие берері сөзсіз.
Ұлттық лицей жобасының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы мырза мен QAZBILIM мектептері төңірегінде соңғы кезде дау туындап отыр. Осының жай-жапсарын айтып берсеңіз.
Бұл мәселеге қысқаша жауап берер болсам, министрлік өз міндеттерін уақытылы орындамаудан туындап отырған дүние. Аятжан Ахметжанұлы соңғы жарты жыл көлеміндегі барлық сұқпатында, әлеуметтік желідегі парақшаларында осы мәселені көтеруін, көтеріп-ақ келеді. Құлақ асқан бір адам болды ма? Жоқ. Ол кісі неге шыр-пыр болды? Оқу жылы өзіңнің қаржылық мүмкіндіктеріңді саралайсың. Соған қарай бағаңды қоясың, материалдық базаңды жаңартасың. Соның бәріне өз мүмкіндігің мен мемлекет тарапынан төленетін қаржыландыруды да есепке аласың. Жыл ортасына келгенде, мемлекет өз міндеттемесін орындамаса, сіздің жыл бойғы қаржылық жоспарыңыздың күл-талқаны шығады. Жаның күйе ме, күймей ме? Енді келіп, бұл мәселе бүгін туындағандай дабыл қағады. Аятжан Ахметжанұлы бұның аяғы жақсылыққа апармайтынын әр сұқпатында көтерді. Бұдан зардап шегетін қазақ мектебінің ұстазы мен оқушысы екенін де айтты. Жекелік мектептерді мемлекет бұлай тығырыққа тіремегенде сол жерде қызмет етіп жатқан қарапайым ұстаздар қаржылық қиындыққа түспес еді. Себебі білім саласына өздері қаржы салуға, үш ауысымды мектептерді азайтуға ат салысуға шақырды. Бұл бір біздің ұжымның басында болып жатқан жағдай емес, біраз жеке мектептер осы күйді кешіп отыр.
Қазақ тілі пәнін оқытуда қазіргі негізгі мәселелер қандай?
Негізгі мәселе баланың тілінің өзге тілде шығуы, ата-анасымен, аулада орыс тілінде сөйлесуі сабақ барысында көп қиындықтар тудырады. Қазір солтүстік облыстар мен еліміздегі үлкен мегаполистердегі көп мұғалімнің сабақ барысындағы қиындығы осы болса керек. Ана тілін дұрыс білмегеннен кейін, ол басқа пәндерге де қатты әсер етеді. Мені алаңдататыны, ұрпақтарымыздың өте жылдам орыстанып бара жатқаны. Бұл бір деңіз.
Қазір ақпараттар тасқыны заманы. Ол да баланың санасында өз ықпалын тигізбей қоймайды. Өкінішке қарай, қазақ тілінде баланың жас ерекшелігіне не негізделген контент өте тапшы. Бұда бала тілінің өзге тілде шығуына әсер етеді.
Біз қазір оқушыларымызға ана тілін шет тілін үйретіп жатқандай күйге душар болып отырмыз. Тағы бір мәселе бұрын мектепте «Ана тілі» деген пән болатын. Қазір ол жоқ. Бұда бастауыш кезеңінде бала сөздік қорының дұрыс қалыптасуына жақсы әсер ететін. Қазір бірден грамматика. Оң-солын дұрыс танып болмаған балаға тілді грамматика арқылы үйрету – бұл парадокс. Бұл баланың тілге деген қызығушылығын әлсіретеді де, ол өзіне ыңғайлы тілде сөйлеп жүре береді. Біз әлі Кеңес одағы кезінде бізге күштеп таңылған тіл оқыту жүйесімен келе жатырмыз. Әлі 42 әріп, қазақ тілінің заңдылығын мүлдем ескермеген емле жүйесі, калька аударма, түсініксіз, күрделі мәтіндер, бала жасына сай емес, көнерген сөзден тұратын әдеби еңбектер – бұның бәрі баланың өз тілін дұрыс меңгеруіне жасалып жатқан қиянат.
Балалардың қазақ тілін игеру деңгейін көтеру үшін қандай қосымша шаралар қолданылған дұрыс?
Ең бірінші баланың ана тілінде көретін контентін көбейту керек. Екінші Әліппені қайтарғандай «Ана тілін» қайтару керек. Ақымет атамыздың оқыту жүйесі бойынша ұлттың жанына, баланың түсінігіне шақ мәтіндер арқылы баланың ойлау жүйесі мен сөздік қорын дамытуға болар еді. Үшінші балаға лайықталған заманауи балалар әдебиетін дамыту керек. Ең маңыздысы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту керек. Қазақ тілінде ғылым тіліне, бизнес тіліне, саясат тіліне айналмаса, мектепті қанша жерде тоқпақтасаң да, нәтиже нөлге тең болады.
Сізді педагогикаға тартқан негізгі себеп қандай еді?
Менің педагогикаға келуіме әсер еткен орта мектептегі ұстазым Қанипа мұғалім, ақын, ұстаз Алтай Нұрхамитұлы, Әділ Қожанбайұлы секілді мұғалімдердің еді. Әсіресе, Қанипа мұғалім бізге не бары бір жарым жылдай ғана ұстаз болса да, бірақ қалдырған әсері ерекше. Мен де сол кісі секілді оқушының жанына жақын болғым келді. Сол арман Университетте де педагогикалық бағытты таңдауыма әсер етті. Мен мектеп интернатта оқығандықтан, ұстазымыздың үйінен шықпаушы едік. Ұстаздың шәкіртіне деген ықыласы мені осы салаға келуіме тікелей қатысы бар деп айтсам болады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде қандай әдістемелік тәсілдерді қолданасыз?
Мен қазақ тілі мұғалімі ретінде бірінші кезекте оқушының сөйлеу дағдысы мен есте сақтау дағдысына қатты мән беремін. Өйткені барлық адам шығарма жазбауы мүмкін, бірақ барлық адам ойын дұрыс жеткізе алуы керек. Сондықтан мен оқушыларыма жыраулар жырынан бастап, қазірі қазақтың талантты ақындарының барлығының шығармаларынан жаттатамын. Ол баланың бір жағы тұлға танымына әсер етсе, бір жағы қазақ тілін дұрыс дыбыстау, мәнерлеп оқу секілді жағына да оң ықпалы бар. Оның сыртында қазіргі заманға сай, сабақ барысында АКТ пайдалану, кітап оқу жарысы, ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануды да теріс көрмеймін.
«Қазақ әдебиеті» пәнін «Қазақстан тарихы» пәнімен де ұштастыра түсіндірген де оқушының тарихи танымының қалыптасуына пайдалы. Бір заманды бейнелейтін шығармаларды салыстыра оқу, сол шығарма бойынша кино түсірілген болса, міндетті түрде кино мен көркем шығарманы қатар талдау баланың сыни ойының қалыптасуына жақсы әсер етеді. Автор ойы мен режиссердің идеясы сай келмей жатса, оқушылар қызу талқыға түсіп жатады, бірі авторды қолдап, бірі жеке пікірін айтып, бірі режиссер жағына шығып дегендей.
Лицейде мұғалімдерге арналған кәсіби даму жүйесі қалай ұйымдастырылған?
Біз де жыл сайын мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге арналған QAZBILIM ұстаздары арасында Ақтауда, Алматы да, Астанада семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Бұл семинарларда шебер ұстаздарымыз бен жаңа технологияларды жақсы меңгерген ұстаздар өз тәжірибелерімен айтады. Әдістемелік құралдар жазудың ерекшеліктерін түсіндіреді. Бұл мектеп өмірін енді бастаған жас мамандар үшін де таптырмас бір кәсіби шыңдалу мектебі.
Ұлттық тәрбиеге бағдарланған жеке тұлға тәрбиелеуде ата-ананың ықпалы қандай?
Бала тәрбиесіндегі ата-ананың алар орны ерекше. Кез келген баланың ең әуелі өмірді танып-білуіне, тілінің қалыптасуына ықпал етеді. Мектеп табалдырығын аттағаннан кейін, мектеп пен ата-ана жұмысының үйлесімі болуы керек. Бізде көп ата-ана баламен еркін әңгімелеспейтінін байқаймын. Бала кіршіксіз әлем. Қазақ «балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дейді. Баламен сырласа қалсаң, оның ішкі әлемін көресің. Ата-анасына жеткізе алмай жүрген көп дүниесінің бар екенін білесің. Бар уақытым осы баланың арасында өтіп жатқан адам ретінде, баланы тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиелеудің маңызды екенін айтқым келеді. Баланың лексиконына қарап отырып, отбасындағы сөз қолданысты толық білуге болады.
Сондықтан біз ата-аналарға баламен жиі сырласып тұруға кеңес береміз.
Отбасы мен мектеп арасындағы тиімді өзара әрекеттестікті қалай қамтамасыз етесіздер?
Бұны екіге бөліп айтуға болады. Бірі ұжымдық әрекет, енді бірі оңаша сөйлесу. Ұжымдық әрекет көбінде ортақ іс-шараларда, мереке-мейрамдарда, ата-аналармен өткізілетін жиналыстарда болса, жеке сөйлесу көбінде баланың тәрбиесіне, біліміне байланысты ашық есік күндері немесе арнайы шақыру арқылы ата-аналармен жиі хабарласып тұрамыз.
Қостанайдағы лицейдің оқу көрсеткіштері (Пәнаралық ғылыми жобалар, олимпиадалар, ҰБТ, IELTS) қалай көрсетілуде?
Қостанайдағы лицейіміздің жетістіктері туралы мақтанышпен айтуға болады. Оқушыларымыз қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі олимпиадалардан, ғылыми жобалардан бірінші, екінші, үшінші орын иеленсе, бес асық, тоғызқұмалақ, дойбыдан да оқушыларымыз біздің мектептің ғана емес, Қостанай қаласының да абыройын асқақтатып жүр. Былтыр ҰБТ-ге тапсырған оқушыларымыз жүз пайыз грант иегері болса, бір оқушымыз IELTS-тан 7.5 бал алды және SAT емтиханынан математикадан 800-ден 800-ді толық жинап, әлемнің бес университетінен шақырту және Назарбаев университетінің грантын жеңіп алды. Биылғы нәтиже де көз қуантарлық. Алты оқушымыз IELTS 5.5, 6.5, 7.5 балды, екі оқушымыз SAT тапсырып, шетелдің бірі он бес, бірі жеті университетінен шақырту алып отыр. Оның сыртында, НЗМ, БИЛ, РФММ секілді еліміздегі таңдаулы мектепке емтихан тапсырған оқушыларымыз да облыс көлемінде ең жоғары нәтижені көрсетіп отыр.
Ұлттық мектеп моделінің жарқын табыстары жайлы нақты мысал келтіре аласыз ба?
Жоғары да біз ұлттық мектептің білім саласы бойынша жеткен жетістіктеріне тоқталдым ғой. Бұл елдің көзіне көрінетін жағы. Көп ел байқай бермейтін, бірақ ұлттық бағытта атқарылып жатқан шаруа шаш етектен. Одан қазақ мектебінде оқыса да, мүлдем қазақша түсінбей келген біраз оқушымыз тілдері сынып, қоңырау уақытында өзара қазақша сөйлейтін деңгейге келді. Осындай қазақы тәрбиені көрген кісілер орыс мектебінде оқитын баласын да әкеле бастады. Қазақ мектептерінен ғана емес, орыс мектебінен де оқушылар келе бастады. Оны неге айтып отырмын. Қазір қазақ тілі қалалы жерде қазақ мектебінің өзін де «сыныптың ішіндегі» тілге айналғаны жасырын емес. Баласының ата-анасына қазақша сөйлеңіз деп талап ете бастауы көп ата-аналарымызға ой салды. Басында қалай болар екен, әуелі бір баламды ғана бере тұрайын деген ата-ана екінші, үшінші балаларын да әкеле бастады.
Кейбір азаматтарымыз айтып жүргендей ұлттық деген өз қалқан қып алған ұран емес, қарапайым әрекеттерден тұратын күнделікті өмірде баланың санасына сіңіріліп жатқан ізгі қасиеттердің жиынтығы екенін ата-аналарымыз көріп, біліп отыр. Жылдан-жылға мектебіміздегі бала-санының артуы соның дәлелі.
Мейіржан Әуелханұлы, журналист