Қазақстан Республикасының Халықаралық бағдарламалар орталығы Грузияның жоғары оқу орындарына оқуға түсуді жоспарлап жүргендер үшін құжат қабылдау басталғанын хабарлады. Өтінімдер 2025 жылдың 26 мамырына дейін қабылданады.
Орталықтың мәліметінше, бұл мүмкіндік ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Грузияның Білім, ғылым және жастар министрлігі арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында беріліп отыр.
2025–2026 оқу жылына арналған бағдарлама аясында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша оқу гранттары ұсынылады. Барлығы 5 грант бөлінген:
-
2 грант – бакалавриатқа,
-
2 грант – магистратураға,
-
1 грант – докторантураға.
Мамандықтар тізімі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның ресми сайтында жарияланған.
Құжаттарды электронды түрде Egov.kz порталы арқылы, не болмаса орталық кеңсесіне келіп, қолма-қол тапсыруға болады.
Іріктеу процесі онлайн форматта өтеді: үміткерлер тәуелсіз сараптамалық комиссиямен сұхбаттасып, құжаттары қаралады. Қорытынды шешімді осы комиссия шығарады.
Ұпайлар тең түскен жағдайда, келесі санаттағы үміткерлерге басымдық беріледі:
-
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
-
мүгедектігі бар үміткерлер;
-
көп балалы отбасынан шыққандар;
-
ауылдық жерден шыққан және соңғы екі жылда ауылда тұрғандар.
Айта кетейік, Қазақстан жақында Грузия аумағына келіп, шекарадан өтпей кері қайтарылған қазақстандықтар санының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты Қазақстан тарапы азаматтарының туристік мақсатта келетінін және жергілікті заңдарды сақтайтынын атап өтті. Өз кезегінде, Грузия билігі Қазақстан азаматтарының елге келуі мен тұруына барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін жеткізді.