2525-05-20

Қостанай облысында Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы жаңа мектеп ашылды

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында Арқалық қаласындағы жаңа мектепке барды. Бұл оқу орны – еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері осы өңірде бой көтерген алғашқы жаңа мектеп. Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа мектеп 300 оқушыға арналған. Қостанай облысында білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, облыстың шалғай өңірлерінде инфрақұрылымды дамыту жобалары қолға алынып, соның ішінде орта білім беру мекемелерінің құрылысы белсенді жүргізілуде.

– Арқалықта қазіргі таңда 25 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 140 орындық балабақша ашылды. Орта білім саласында қалада 12 мектеп бар, соның бірі – былтыр қарашада есігін ашқан Жайлы мектеп. Бұл оқу орны халықаралық стандарттарға сай салынған. Айта кетерлігі, өңірдегі барлық алты жайлы мектепте білім беру қазақ тілінде жүргізіледі, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева.

№7 орта мектептің директоры Ақтоты Кисикова жаңа нысанның ашылуы қаладағы мектептерде орын тапшылығын жоюға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Қазір бұл мектепте 316 оқушы білім алуда, оның 42-сі – бірінші сынып оқушылары. Орта есеппен бір сыныпта 17–18 оқушыдан оқиды. Жалпы 19 сынып бар, сабақтар екі ауысымда өтеді. Мектеп қажетті жиһазбен және оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылған.

– Оқу орнында робототехника кабинеті, цифрлық зертханалар, практикалық сабақтарға арналған шеберханалар бар. Тіпті бастауыш сыныптарға арналған заманауи жабдықталған демалыс және даму аймақтары да қарастырылған, – деді мектеп директоры.

Мектеп ұжымында 38 педагог еңбек етеді. Мұғалімдердің басым бөлігі кәсіби біліктілік санаттарына ие. Олардың қатарында педагог-шеберлер, модераторлар, сарапшылар және зерттеушілер бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР