2525-04-19

Білім бар, бірақ жұмыс жоқ: Жоғары оқу орны неге бәріне жол аша бермейді?

Санамызға сіңген «Диплом – жарқын болашақ» деген қағида бар. «Балам жоғары оқуға түссе, өмірі түзеледі» деген үміт – талай ата-ананың тілегі. Өйткені жоғары білімді адам жоғары қызметке көтеріле алады. Алайда бұл жүйе нарық заманында өзгеріске ұшырап жатыр. Қазір диплом – абырой емес, бәсекеге түсуге берілетін «рұқсат құжат» іспетті ғана. Себебі бүгінде жұмыс берушілер адамнан қағаз емес, қабілет сұрайды.

Қабілетті адам жұмыссыз қалмайды

Әсіресе ІТ, бизнес, медиа, креатив индустрия саласында қабілеті мықты ма­ман – университет бітірмесе де, жұмыс­сыз қалмайды. Бұл көзқарасты Батыс ел­дері әлдеқашан қабылдап қойған. Мә­­се­лен, АҚШ пен Канада елдерінде дип­­ломнан гөрі тәжірибе мен шеберлік жо­ғары бағаланады. Тіпті «Google», «Apple», «Tesla» сияқты алпауыттар кей­бір бос жұмыс орындарына «жоғары білім міндетті емес» деп ашық жазады. Германия – дуалды білім жүйесімен танымал. Мұнда жоғары білім алудың орнына кәсіби колледжге түсіп, нақты мамандықты игерген жастар қоғамда үлкен сұранысқа ие. Ел үкіметі бұл бағытты арнайы қолдап отыр. Оңтүстік Корея мен Жапонияда білімге деген құрмет өте жоғары. Университетке түсу – өмірдегі басты жетістіктің бірі. Бірақ кейінгі жылдары жастар арасында бұл көзқарас өзгере бастаған. Себебі жоғары оқу орындарын бітірген жастар көбейіп, жұмыс орны азайған. Сондықтан көбі өз бетінше кәсіп бастауға көшкен. Фин­ляндия, Нидерланд, Аустралия елде­рінде оқушыға мектеп кезінен-ақ «жо­ғары білім міндетті емес, ең бастысы – өз ісіңнің шебері болуың қажет» деген түсінік санасына сіңіріледі. Мысалы, Фин­ляндияда техникалық колледждер уни­верситеттермен тең бағаланады. Елімізде жоғары білімі бар мамандардың саны да жұмысқа орналасу көрсеткіші де жоғары. Мысалы, 2023–2024 оқу жылында 624,5 мың студент білім алса, 147,4 мың түлек оқуын аяқтаған. 2023 жыл­ғы білім бағдарламаларының рей­тингіне сәйкес жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 82,8%-ды құраған.

Қай маман қанша алады?

«Freedom Life» мамандарының талдауына сүйенсек, ең жоғары бастапқы жалақыны АҚШ, Франция және Біріккен Араб Әмірліктері ұсынады. АҚШ-та жас маман ай сайын 1,8 млн теңге кө­лемінде еңбекақы алса, Францияда бұл көрсеткіш 1,78 млн теңге шамасында. БАӘ-де – 1,64 млн теңге. Ал Германия мен Ұлыбританиядағы түлектердің табысы – шамамен 1,4–1,5 млн теңгені құрайды. Азия елдерінде де жалақы айырмашылығы бар. Жапонияда жас түлектер айына 749 мың теңге, Оңтүстік Кореяда – 479 мың теңге, Қытай­да – 371 мың теңге алса, елімізде бұл көрсеткіш небәрі 250 мың теңге. Яғни бізде жоғары оқу орнын енді аяқтаған азаматтың орташа жалақысы дамыған елдермен салыстырғанда 6-7 есе аз. Алайда бұл көрсеткіш тек географиялық емес, жас ерекшелігіне байланысты да өзгереді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 25–34 жас аралығындағы азаматтардың орташа жалақысы 347 985 теңге, ал 35–44 жастағыларда – 397 468 теңге болған. Демек тәжірибе мен жас ұлғайған сайын табыс та өсіп отырады. Бірақ бұл өсім халықаралық стандарттармен салыстырғанда әлі де мардымсыз. Сонымен қатар табыс деңгейі адамның алған біліміне де тікелей байланысты. Орта білімі бар қызметкерлердің 2024 жылғы орташа айлығы – 262 238 теңге болса, жоғары білімі барлар – 438 005 теңге, ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлар 558 882 теңге шамасында жалақы алады. Мұны ескерсек, жоғары білім – табысқа бастайтын жол екені даусыз. Алайда бәрі бірдей жоғары табыс тауып отыр ма? Статис­тика басқаша сөйлейді. Білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет салаларында жұмыс істейтіндердің жалақысы 300 мың теңгенің айналасында. Мәселен, балабақша тәрбиеші­лері – айына 162 мың, денсаулық сақтау қызметкерлері – 292 мың, мемлекеттік басқару саласындағылар – 313 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал ең жоғары табыс – қаржы, сақтандыру, ІТ, көлік-логистика салаларында. Бұл салада жалақы 800 мың теңгеден басталып,

1 миллион теңгеге дейін жетеді.

Бала болашағына инвестиция

Осы айырмашылықты жою және са­палы білімді қолжетімді ету мақсатын­да мемлекет арнайы қаржылық бағ­дар­ламалар әзірлеген. Соның бірі – мем­лекеттік білім беру жинақтаушы жүйе­сі. Бұл жоба бойынша ата-аналар сақ­тандыру компанияларымен шарт жа­сасып, баланың болашақ оқу ақы­сына қаражат жинай алады. Ерекше­лігі – егер ата-ана күтпеген жағдайға тап болса, сақтандыру компаниясы оқу ақысын толық төлейді. Ал бала грант­­қа түссе, жиналған қаржыны бас­қа қа­жеттіліктерге жұмсауға болады. 2025 жылы бұл жүйе жаңартылып, «Келе­шек» жобасына айналды. Енді мемлекет 5 жасқа толған балаларға 60 АЕК (236 мың теңге), ал жетім балаларға 120 АЕК (472 мың теңге) көлемінде бастапқы капитал береді. Бұдан бөлек, жыл сайын ата-аналардың салатын жарналарының шекті көлемі де бекітілген. Яғни мемлекет білімді тек ақшасы барлар үшін емес, барша бала үшін қолжетімді етуге қадам жасап отыр. Бүгінде жоғары білім – табысты өмірдің жалғыз емес, бірақ маңызды баспалдағы. Оқу орнын, мамандықты дұрыс таңдау, еңбек нарығындағы сұранысты бағалау, әрі қаржылық жоспарлауды ерте бастау – бала болашағы жарқын болуы үшін басты алғышарт. Бірақ ең маңыздысы – маман болуға деген ішкі ниет пен тынымсыз еңбек екенін естен шығармаған жөн.

Айтолған ЖҮНІСХАН

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР