2525-04-19

Астанада Білім басқармасының бөлім басшысы пара алғаны үшін сотталды

Астаналық прокурорлар білім беру мекемелерін тексеру кезінде лауазымды тұлғаның қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дерегін анықтады.

Қалалық білім басқармасының бөлім басшысы өзінің лауазымдық мүмкіндіктерін жеке пайда табу мақсатында пайдаланғаны белгілі болды. Бұл дерек прокуратура тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған. Тергеу барысында оның бірнеше мәрте пара алғаны да анықталған. Қалалық прокуратура таратқан мәліметке сәйкес, сот отырысының нәтижесінде аталған тұлға кінәлі деп танылып, жазаға тартылды.

Сот үкімі бойынша, бөлім басшысы бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Ведомство бұл оқиға білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзектілігін және мемлекеттік қызметкерлердің заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдейтінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін де білім саласындағы заңбұзушылықтар туралы хабарланған еді. Мәселен, Қызылордада бұрынғы мектеп директорлары мұғалімдерді жалған бұйрықтармен жұмысқа қабылдағаны үшін сотталған.

Сонымен қатар, Талдықорған қаласында Сарқан аудандық білім бөлімінің бас есепшісі 1,6 миллиард теңге көлемінде қаражат жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында балабақша директоры мен есепшісі ата-аналар төлеген қаражатты заңсыз түрде жеке шоттарына аударып, мемлекетке 12 миллион теңгеден астам шығын келтіргені үшін сотталған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР