Түркістан облысы Келес аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілерді қосқанда барлығы 23 адамға үкім шығарды. Олар аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Сот дерегінше, сотталушылар 2021 жылдан 2023 жылдың соңына дейін жалған есеппен аудандағы мектептерде жұмыс істемеген адамдардың атына ақша аударып, мемлекетке 812 миллион теңгеден астам залал келтірген. Қылмыстық іс бойынша 279 миллион теңге мемлекетке қайтарылған.
Сот 8 адамды, оның ішінде білім бөлімінің басшысын 7 жылға бас бостандығынан айырды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Тағы 5 адамның жазасы шартты жазаға ауыстырылса, 10 сотталушының бостандығы 3 жылға шектелді.
Сот барысында 16 айыпталушы кінәсін мойындап, өкініш білдірсе, 7 адам айыптаумен келіспей, ақтауды сұраған.
Айта кетейік, өткен аптада Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілеріне де осындай айыппен 547 миллион теңге залал келтіргені үшін үкім шығарылған болатын.
Екі үкім де әзірге заңды күшіне енген жоқ.