Қайталау жасамай, ақпаратты есте сақтау мүмкін болмас. Қайталаудың әртүрлі құралдарын қолданған жағдайда есте сақтаудың тиімділігі де жоғары болмақ.
Қайталаудың бірнеше амалдарын келтірейік.
- Жаңа ақпаратты қайта әңгімелеу. Біреуге өз сөзіңізбен қайта әңгімелеп берсеңіз, ақпарат есте жақсы сақталады. Сондықтан да сабақта жаңа мәлімет бойынша оқушылардың талқылауын ұйымдастырған орынды. Мұнда оқушылар мұғалім рөлін орындап, өзге балаларға оқығанын түсіндіргені оңтайлы.
- Сұрақтарға жауап беру. Жаңа материал бойынша сұрақ қойып, өзгелердің сұрақтарына жауап беру арқылы есте сақтауды жақсартуға болады. Демек, бұл әрекетті де оқушыларға жиі ұсынған жөн, балалардың өздері де сұрақ құрастырып, оларға жауап беруі тиімді болады.
- Қайталау карточкаларын қолдану. Жаңа ақпарат бойынша тірек сөздерді (формулаларды, теоремаларды, деректерді, т.б.) карточкаларға жазып, қағаздың екінші бетіне бұрыс жауаптарды жазған орынды. Оқушылар карточкалардың көмегімен өзін-өзі тексере алады.
Эксперименталды түрде дәлелденген жәйт: өз жазбаларын күнделікті қарастырып отырған оқушылар 9 аптадан соң үйренгенінің 75% есте сақтаған, ал ондай дағды қалыптастырмаған оқушылар бір күннен кейін оқығанның тіпті 50%-ын да есінде сақтай алмаған, ал 9 аптадан кейін олар тек 20% ақпаратты ғана есіне түсірген. - Жаңа мәліметті қолдану. Жаңадан үйренгенді дереу қолдану да есте сақтауды жақсартады. Бұл дегеніңіз сабақта жаңа ақпаратты бекіту тапсырмасын міндетті түрде қолдану керектігін меңзейді.
- Тестілеуден өту. Жаңа ақпарат бойынша дереу тестілеуді ұйымдастыру да есте сақтауды жақсартады. Мұндайда оқушылар мұғалім ұсынған сұрақтар бойынша өзін-өзі тексеруіне болады.
- Мнемоника.
«Мнемоника» деген көне грек сөзі (μνημονικόν) «есте сақтау өнері» деген мағынаны білдіреді. Мнемоника деп ақпаратты визуалдық, дыбыстық, іс-қимылдық бейнелер, ұқсастықтар, ассоциация, байланыстар немесе әңгімелер құрастыру арқылы есте сақтауды жеңілдетуді атайды. Олардың барлығы да жаңа ақпаратты бұрынғымен байланыстыруға көмектесіп, мәліметті есте сақтауға көмектеседі. Мнемотехника дегеніміз ассоциация негізінде жаңа ақпаратты таныс ақпаратпен байланыстыру құралдары.
Мысалы, «Азамат інімді белсенді түрде жаттықтырып, шыңдалуға көмектесті» деген сөйлемді жаттау қиын болмас. Мұндағы әр сөздің бас әрпі септік жалғауларды білдіреді (атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес). Бұл – акроним тәсілі. Немесе септік жалғаулардың ретін мына етістіктерді жаттау арқылы да есте сақтауға болар:
Аптықпа, іркілме, берілме!
Табысқа жетесің, шегінбе!
Күлімде!
Мнемоника деп жаңа ақпаратты ескі, таныс ақпаратпен байланыстыруды да атауға болады.
Мектепте оқып жүргенімізде, ағылшын тілі сабақтарында ұлдардың басты ермектерінің бірі ағылшын сөздерін «қазақшалау» еді: «again» (қайтадан) деген сөзді «ағайын» деп, «help» (көмек) дегенді «келіп көмек бер» деп ұқсатып, «young» (жас) сөзін «ұяң» деп, «basic» (бастапқы) дегенді бесікке ұқсатып, «cotton» (мақта) тағы да бір сөзге ұқсатып, «January» деген ай атының айтылуын «жануари» деп келтіріп, «respect» (сыйластық) деген сөзді бірге оқитын Рысбектің, ал «answer» сөзін (жауап) бізден жоғары сыныпта оқитын түрік жігіті Ансардың есімімен байланыстырдық. Бір жағынан қызық, екіншіден, жаттауға да тиімді.
Бүгінде ағылшынның «All I need» деген тіркесін «ол айниды» деп әнге қосып, айтып жүр емес пе? Немесе «Білім all» деген портал да бар.
Мнемониканың тағы да бір мысалы ретінде кең тараған мына тәсілді келтіруге болады. Үйіміздегі (бөлмеміздегі) өзіміз жатқа білетін барлық заттарды (жиһаз, кітап, ойыншық, т.б.), олардың үйреншікті ретін жаңа сөздермен (ақпаратпен) байланыстырамыз. Сонда әрбір таныс зат жаңа сөздің (ақпараттың) символына айналады: таныс зат жаңа сөзді еске түсіреді.
Өткен ғасырдың 60-жылдары циркте өнер көрсеткен бір жасөспірім бала көрермендерге 40 сөз айтуды ұсынып, оларға қағазға дәл сол ретпен жазып қоюды сұрайды екен (мәселен, цирк, арена, көрермендер, билет, аншлаг, пілдер, т.б.). 2 минут дайындықтан кейін бала әлгі айтылған 40 сөзді дәл сол ретпен қайталап беріп отырған. Көрермендердің таңданысында шек жоқ! Әрине, бірнеше минутта кездейсоқ айтылған 40 сөзді олардың ретін бұзбай айту тұрмақ, әдейі жаттасаң да, қайталау оңай емес қой!
Ол баланың есте сақтау құпиясы кейінірек ашылады. Сөйтсе, ол өзіне таныс та жақын 40 сөзді белгілі бір ретпен жаттап алған екен: ана, әке, әже, ата, ағам, інім, қарындасым, мектеп, мұғалім, т.б. секілді. Көрермендер бір сөзді айтқанда, бала ол сөзді өзі жатқа білетін тізімдегі сөзбен байланыстырған. Мысалы, «Анам циркты жақсы көреді. Әкем аренада күшін көрсетсе ғой! Көрермендердің ішінде әжем отыр. Атама билет жетпей қалды! Ағам бүгінгі аншлагтың қандай екендігін білсе ғой! Інім пілдердің арқасына қалай шығар еді?» деген секілді. Бұған қоса, бала өзі құрастырған ассоциацияны көз алдына бейне түрінде елестеткен: әкесін кір тастарды лақтырып тұрғанын, залда әжесін «көріп», атасының билет жетіспей, үйде отырғанын, інісінің пілдің арқасына мықшыңдап шыға алмай жатқанын «көрген».
Екі минуттан кейін айтылған 40 сөзді қайталау қажет болғанда, бала өзі құрастырған ассоциациялар бойынша оларды айна қатесіз келтіріп отырған.
Бұдан шығатын қорытынды: есте сөз сақталмайды, ассоциация мен бейне сақталады! Демек, оқушыларды есте сақтаудың осы әдісіне үйреткен орынды. Мәселен, сыныпта бар 10-20 затты орналасқан реті бойынша жаттап алып, кейінірек бірнеше сөзді не терминді жаттау қажет болса, сол заттармен байланыстырып тұруға болатын шығар. Жасап көрелік!