2424-12-23

Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық мұғалімдердің тәжірибесі

Оңтүстік Кореяда Қазақстаннан барған 4 мұғалім жұмыс істеп жүр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кёнгидо провинциясының білім беру басқармасы сәуір айында тәжірибе алмасу жобасын бастаған еді. Жақында Ансан қаласында екі елдің ынтымақтастығының алғашқы нәтижелері қорытындыланды.

Қазақстандық 4 мұғалім тамыз айында ТМД елдерінен келген мигранттар тұратын ауданға корей, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінен сабақ беруге келген.

Телеарна мәліметі бойынша, аталған мектепте өзге елдерден көшіп келген 145 оқушы білім алады, олардың 30-ы қазақстандық. Шетелдік балаларға оқу материалдарын меңгеруге Қазақстаннан барған 2 мұғалім көмектеседі.

Ақбөпе Баярыстан, Арқалық педагогикалық университетін бітіріп, жергілікті мектепте 1 жыл мұғалім болып қызмет еткен. Кореяға тәжірибе алмасуға бару ұсынысы Ғылым және жоғары білім министрлігінен келген. Іріктеуден сәтті өткен Ақбөпеге Кёнгидо провинциясы пәтер беріп, айлық төлеп отыр.

«Менің рөлім көп мәдениетті оқушылар үшін өте маңызды сияқты. Ағылшын тілі корей тілінде оқытылады, сол себепті мен оларға грамматика және басқа да материалдарды түсінікті етіп жеткізуге тырысамын», – дейді мұғалім Ақбөпе Баярыстан.

Баян Мұхтарқызы шетелдік оқушыларға барлық пәндер бойынша тапсырмаларды орындауға көмек көрсетіп, қазақ мәдениетін таныстыруда.

«Басшылық Қазақстанды жақсы біледі, бірақ қарапайым халық бізді «хиджаб киіп, мұсылман адам келген» деп ойлайды екен. Сондықтан мен барлық сыныпқа Қазақстан туралы айтып, елдің мәдениеті мен өмір салты туралы түсіндірдім», – дейді мұғалім Баян Мұхтарқызы.

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінің делегациясы шетелдік оқушыларға көмек көрсететін мектептерді аралап, бағалау жүргізді.

«Бағдарламаға үш мектеп қатысады, студенттер саны шамамен 800. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалар мен мұғалімдер тіл үйрену арқылы өздерін бақытты сезінеді», – деді Кёнгидо провинциясының білім беру басқармасы конвергентті білім бюросының директоры Ким Гым Су.

Бұл тәжірибе Кёнгидо провинциясының білім беру басқармасы тарапынан жоғары бағалануда. Ал келер жылдың наурыз айында Қазақстаннан жаңа мұғалімдер келуі жоспарлануда.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР