Атырау облысындағы мектеп асханалары «Alagan Mektep» жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бұл үшін білім мекемелері «Әлеуметтік әмиян» сервисіне қосылуы қажет.
Атырау облыстық Білім басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, оқушылар асханаға кіргенде алақандарын арнайы құрылғыға сканерлейді.
– Бұл ата-аналарға баласының асханаға барғанын, ас мәзірін және күнделікті тамақтану жайлы ақпарат алуға мүмкіндік береді. «Alagan Mektep» жүйесі 2025 жылдың наурыз айына дейін облыстағы 127 мектепте толық іске қосылады, – дейді Қадыржан Сапаров.
Бас маманның пікірінше, мектептерде ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу басталды. Бұл жүйе екі негізгі мақсатты көздейді: біріншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, екіншіден, оқушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 5-11 сыныптарда оқитын 6958 бала ыстық тамақпен қамтылған.
– Бұл балалар туралы мәлімет «Бизнес әмиян» сервисіне енгізіліп жатыр. Енді олардың асханадан тамақтанғаны туралы ақпарат осы сервис арқылы расталады. Яғни, оқушы асханаға кірер кезде «Бизнес әмиян» қосымшасындағы QR кодын сканерлейді. Бұл жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-аналарға баласының тамақтанғаны немесе тамақтанбағаны туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді, – дейді Қадыржан Сапаров.
Сондай-ақ, 1-4 сыныптарда оқитын 57 812 және 5-11 сыныптардағы 9947 оқушы тегін тамақпен қамтылған. Әлеуметтік осал топтарға жататын бұл оқушылар жыл соңына дейін «Бизнес әмиян» сервисіне қосылады.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда қайтарылған қаржыға салынатын мектеп құрылысының басталу мерзімі туралы жазған болатынбыз.