Биылғы жылдың басынан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 242 білім беру ұйымына тексеру жүргізді. Оның 108-і жергілікті жерлерге барып жасалса, 13 тексеру тұрғындардың арыз-өтініштері негізінде жүргізілді.
2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңының 52-1 және 52-2-баптары күшіне енді. Бұл баптар облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы білім беру ұйымдары мен басқару органдарына қатысты мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі мен талаптарын белгілейді. Осы жұмыстар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтауға бағытталған.
Тексерулер 25 білім бөлімінде және 8 өңірлік білім басқармасында жүргізілді. Нәтижесінде 15 лауазымды тұлға сот шешімімен әкімшілік айыппұлға тартылды, 65 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Министрлік жергілікті атқарушы органдар тарапынан балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бұзушылықтарды анықтады. Бұл бұзушылықтарға мектептегі ас мәзірінің нормативтерге сәйкес келмеуі, сабақтарды жүйелі түрде өткізуге қажетті тиімді шаралардың болмауы, оқушылардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету ережелерінің сақталмауы және басқа да мәселелер жатады. Бұл жағдайлар жергілікті билік пен білім беру ұйымдарының ерекше назарын талап етеді, — деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Тексерулердің нәтижесінде комитет 121 ұсыным мен 151 бұзушылықты жою туралы нұсқама жолдады. Ұсынымдардың орындалуы тұрақты түрде бақылауда болады. Бұл бақылау барысында Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында берілген ұсынымдардың орындалу сапасының төмендігі анықталды.
ҚР «Білім туралы» Заңының 6-бабына сәйкес балабақшалар, мектептер мен қосымша білім беру ұйымдары жергілікті атқарушы органдардың қарамағында. Сонымен қатар, осы ұйымдардың басшыларын тағайындауды білім басқармалары жүзеге асырады.
Айта кетейік, балалардың құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда мұғалімдер іс жүзінде көрсетілмеген қызметтері үшін төлемақы алып отырғаны анықталған болатын.