2424-12-21

Жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу: Ата-аналардың бала тәрбиесіне қандай әсері бар?

Бұл мәселе Елордада өткен балалар мен жастар тәрбиесіне арналған халықаралық конференцияда көтерілді.

Шара барысында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Мәдениет және ақпарат министрі, аталған комиссияның төрағасы Аида Балаеваның форум қатысушыларына арналған құттықтау хатын жеткізді.

– Бүгінгі кездесуге қоғамдағы ең өзекті мәселелерге немқұрайлы қарамайтын, белсенді азаматтар жиналды. Осы себепті ата-аналар қауымдастығы – еліміздің маңызды күшке айналған аудиториясы. Бұл қауымдастықтың мәселелерін көтеріп, оларды талқылау – сіздердің маңызды еңбектеріңіз. Бұл конференцияға еліміздің әр өңірінен арнайы келген қатысушылардың барлығы да – қоғамдағы мәселелерді елемей, белсенді шешуге қатысатын азаматтар! Ұрпақ тәрбиесі – біздің баршамыз үшін өте маңызды. Осы бағыттағы мақсаттарымыз бен мүддеміз бір. Отбасы ұғымы – халқымыз үшін ежелден қастерлі. Бұл құндылықтың мәні бүгін де өзгерген жоқ. Мықты мемлекет болу үшін – қоғамда берік отбасы көп болуы қажет, – деп атап өтті Аида Балаева.

Министр сонымен қатар, отбасы құндылығы мен балалар және жастар тәрбиесінің Мемлекет басшысының үнемі назарында екеніне тоқталды.

– Президентіміз өз сөздерінде мемлекет пен ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі ортақ жауапкершілігін, саналы ата-ана болудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Осы тұрғыда, ұрпақ тәрбиесі мен үлгілі отбасы мәселелерінде бізге сырттан тәжірибе іздеудің қажеті жоқ. Өзіміздегі құндылықтарды бағалап, қажетті тәжірибені ала отырып, оны тәрбие ісіне дұрыс пайдалануымыз керек. Әрине, бүгінгі жаһандану дәуірінде өткеннің тәжірибесін және қазіргі заманның талаптарын ескере отырып, оларды үйлестіру маңызды. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен сарапшылар мен ата-аналар өңірлерде құнды пікірлерімен бөлісіп, жақсы тәжірибелермен алмасуда, – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, бала тәрбиесіндегі мәселелерді шешу үшін мемлекет, қоғам және отбасының бірлескен күш-жігері қажет.

– Мамандардың пікірінше, балалардың мінез-құлқындағы ауытқулардың себептерінің бірі ата-аналардың балаларымен жеткілікті түрде байланыс орнатпауынан туындайды. Ата-аналар көбінесе жұмысқа тығыз уақыт бөлгендіктен немесе балаларымен тіл табыса алмай, осы мәселеге жеткілікті назар аудармайды. “Қазақстандық отбасылар – 2024” ұлттық баяндамасында респонденттердің 59,2 пайызы жұмысбастылық пен қыспақ жұмыс кестесіне байланысты бала тәрбиелеуге уақыттың жетіспейтінін атап өткен. Сонымен қатар, жұмыс берушілер еңбек заңнамасын бұзып, артық жұмыс істеуге мәжбүрлейді, бұл ата-ананың бала тәрбиесіне жеткілікті уақыт бөлуіне кедергі келтіреді, – деді министр.

Министрдің айтуынша, ата-аналардың тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында, оларға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті арттыру қажет. Бұл ретте отбасы мен ата-ана болуды қолдайтын жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерді ынталандыру қажеттігі айтылды.

– 2025 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының қоры (ЮНФПА) арқылы тиісті жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба компанияларда отбасы мен ата-ана болуды қолдайтын ортаны қалыптастыруды көздейді, – деп мәлімдеді Аида Балаева.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР