Ыбырай Алтынсарин 1884 жылы Троицк қаласында Зайнулла Расулев медресесінің жанынан қазақ балаларына арнап өз қаражатына оқу корпусы мен жатақхана салдырған.
Бұл мәлімет туралы бірнеше дерек сақталған. Алдымен ол туралы америкалық ғалым Хамид Альгардың «Последний накшабандийский шейх Волго-Уральского региона. Непризнанный историками духовный лидер» атты мақаласында жарияланды. Онда «Рядом со своей мечетью Зайнулла основал медресе, известное как Расулийя, которое среди татар, башкир и казахов завоевало репутацию одного из лучших институтов мусульманского образования. Расулев пользовался материальной поддержкой богатого казахского купца Алтынсарина…», деп көрсетілген. Ал ресейлік өлкетанушы ғалым Р.Н.Гизатуллин да «Революцияға дейінгі Троицк мұсылман оқу орындары» монографиясында: «В 1884 г. на средства казахского купца Алтынсарина были построены деревянные здания учебного корпуса и общежития для шакирдов» деп жазып, ұлы ағартушының өз қаражатына шәкірттеріне арнап оқу корпусы мен жатақхана ғимаратын салдырғанын» айтады. Француз тарихшысы Александр Бенигсен де өз еңбегінде Расулия медресесін мұсылман әлеміндегі ең жақсы академиялық институттардың бірі деп сипаттап, оған Ы.Алтынсариннің қолдау көрсеткенін нақты атап өткен. Сондай-ақ Д.Н.Денисовтің «Очерки по истории мусульманских общин Челябинского края (XVIII – начало ХХ в.)» атты еңбегінде «Ағаш оқу корпусы мен жатақхананы 1884 жылы қазақ байы Алтынсарин салған» деп жазылған. Бұл ақпарат башқұрт жазушысы Лира Ахмат-Якшибаеваның «Зайнулла ишан». На пути к истине» атты кітабында да баяндалады.
ХІХ ғасырдың соңында Троицкідегі мұсылмандар саны жергілікті халықтың 40 пайызын құраған. Сөйтіп, Троицк қаласы нағыз қасиетті ордаға айналып, онда мешіттер бой көтеріп, діни оқу орындары ашылған. Мұнда сол кезеңде есімдері елге мәлім жетекші теологтер еңбек етті. «Расулия» медресесі 1883 жылы Троицк қаласында ашылған. Оның іргетасын башқұрт халқының көрнекті дін және қоғам қайраткері, ойшыл-философ, теолог және ағартушы Зайнулла Расулев қалаған. Оның толық аты-жөні – шейх Зайнулла әл-Расули әш-Шарифи ан-Нақшбанди (Зейнулла бин Хабибулла бин Расул). Ол 1833-1917 жылдары өмір сүрген. Зайнулла Расулев Ресейге сопылықтың рухани тәлімгерлік тармағының ілімін әкелген. Кейін Троицк қаласындағы оқу-ағарту саласына белсене араласқан. Айта кетейік, «Расулия» медресесі татар, башқұрт және қазақтар арасында мұсылмандық білім беру мекемелерінің бірі ретінде үлкен беделге ие болды. Онда жәдиттік бағытында білім берілді. Сол жылдары халық арасында жаңа оқу жүйесіне көшкен мектептер «жәдит мектебі» деп, ал мұндай әдісті жақтаушылар «жәдитшіл» немесе «жәдит» (жаңашыл) аталды. Бұл үрдіс екпін алуымен жәдитшілдік қозғалыс деген атқа ие болды.
«Расулия» муддарисі Зайнулла жәдитизмді ұстанып, сол кездері ислам діни мектептерінде басым болған схоластикаға қарсы болды. Зайнулла Расулевтің арқасында медреседе дыбысты оқыту әдісі, сынып-сабақ жүйесі, сондай-ақ зайырлы пәндерді меңгеру енгізілді. ХХ ғасырдың басында медресе 11 жылдық оқу курсы бар жартылай зайырлы оқу орны болды. Медресе басшылығын әкесі Зайнулладан алған Ғабдырахман Расулевтің арқасында білім беру бағдарламасына діни ілім, араб, түрік, орыс тілдері каллиграфия, оқу, жаттау және Құран мен хадис тәпсірі, математика, түрік, Ресей және жалпы тарих, ислам тарихы, тарих, теология, мұсылман құқығы, этика, гигиена, география, табиғаттану, физика, химия, зоология және педагогика пәндері кірді. Шәкірттер мұсылман ойшылдарының еңбектерін түпнұсқадан танып білді. Медреседе станоктармен жабдықталған оқу шеберханасы жұмыс істеді. Олар болашақта жұмысшы мамандықтары пайдалы болатынына сенімді еді. Пансионатта асхана мен ас үй, сондай-ақ қонақ бөлмелері болды. Медреседе Троицкідегі алғашқы баспахана жұмыс істей бастады, онда тұңғыш қазақ журналы «Айқап» басылды. Троицкіде білім aлғaн қaзaқ жaстaры хaлық aғaрту ісі мен елдің мәдени деңгейін көтеруге белсене aрaлaсты. «Расулияның» түлектері арасында ақын, журналист Әкірам Ғалымов (1892–1913) пен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сұлтанмахмұт Торайғырұлы (1893–1920) болды. Сонымен бірге Алaш идеясынa үн қосып, төңкерістен кейінгі жылдaры хaлық aғaрту ісіне белсене aтсaлысқaн aқын, дін қaйрaткері Әлмaғaмбет Оспaнұлы Торғайда Ыбырай Алтынсарин ашқан қолөнер училищесінде оқып, 1911 жылы Тройцкідегі Зейноллa ишaн медресесіне түсті. Бір сөзбен айтқанда, жаңа оқу жүйесіне қызығушылар қатары өсіп, мұндай мектепті ашуға көмек көрсетуді сұраушылар арта түсті. 1892 жылы Ресей империясы аумағында жаңа оқу әдісіндегі мұсылмандық мектептің саны 32-ге жетті.
1903 жылы ағаш ғимарат бұзылып, сол орынға қайта жаңа кірпіштен нысан салынды. Жаңа бұл нысан Г.Расулев, көпес Ғаббасовтардың қаражатына қайтадан тұрғызылды. Ал оқу корпусы мен жатақхана ғимараты бүгінгі күнге дейін сақталып тұр. Қазір бұл нысан – тұрғын үй. Қызыл кірпіштен салынған үй (Ыбырай салдырған медресе жатақханасы) мәдени мұра нысаны болып саналмайды, оны болашақта бұзу жоспарланып қойған. Сұр силикат кірпіштен салынған ғимаратта 1905 жылдан 1919 жылға дейін медресе орналасқан, содан кейін тұрғын үй ретінде пайдаланылып келеді.
Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі ұлы ағартушының бұрын соңды беймәлім болып келген бұл елеулі қызметі жайында зерттеу жүргізіп, Троицк қаласына арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Ағартушының үлесі бар тарихи орынға мемориалдық тақта орнату жөнінде Челябі облысы Троицк қаласының мэрі А.Г.Виноградовқа Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының атынан ресми хат жолданды. Бұған Троицк қаласының әкімшілігі арнайы жауап хат жолдап, қолдау білдіріп отыр. Мемориалдық тақтаны қаланың тарихи маңызы бар орталығында орналасқан, Троицк қаласындағы Октябрьская көшесі, 88 мекенжайындағы «Расулия» медресесінің жаңа ғимаратына орналастырғаны жөн деп ойлаймыз. Мемориалдық тақтаға: «1884 жылы қазақтың ұлы педагог-ағартушысы Ы.Алтынсарин «Расулия» медресесінің оқу корпусы мен шәкірттерге арналған жатақхана салды» деп жазылса, тарихи тұрғыдан әділетті болатыны даусыз.
Ыбырай Алтынсариннің Троицкідегі өмір жолын зерделей келе, оның халықаралық деңгейдегі тұлға екеніне тағы бір көз жеткіздік. Оның ағартушылық қызметі тек қазақ үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де үлкен құндылыққа ие.
Салтанат ӨТЕЛБАЕВА,
Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің қызметкері