2424-11-23

Nazarbayev University зерттеушілері паркинсон ауруына қарсы жаңа құралдар дайындауда

Nazarbayev University ғалымдары паркинсон ауруына қатысты DJ-1 ақуызының жаңа қызметін анықтады. Бұл зерттеу соңғы 20 жылдағы биохимия саласындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі ретінде танылып, халықаралық деңгейдегі беделді «Nature Communications» журналына жарияланды.

Отандық ғалымдар DJ-1 ақуызының бұрын белгісіз болған жаңа молекулалық қызметін алғаш рет анықтады. Ақуыздың мутацияланған түрі паркинсон ауруына шалдыққан науқастарда кездеседі. Алайда оның қандай қызметінің бұзылуы осы аурудың дамуына себеп болатыны бұған дейін белгісіз еді. Зерттеу тобы DJ-1 ақуызының организмдегі гликолиз процесінде түзілетін улы жанама өнімдерді бейтараптандыратын жалғыз молекула екенін дәлелдеді. Бұл ақуыздың «cPGA» деп аталатын реактивті молекуланы залалсыздандыру қабілеті зерттеу барысында айқындалды. Назарбаев Университетінің докторанты Айжан Ахмади бұл ғылыми жаңалықтың паркинсон ауруының себептерін тереңірек түсінуге және жаңа емдеу әдістерін әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, DJ-1 ақуызы қатерлі ісік жасушаларында да кездесетіні белгілі, бұл өз кезегінде қатерлі ісікке қарсы дәрілерді әзірлеуде де көмек көрсетуі мүмкін.

Зерттеу нәтижесі «Nature Communications» журналында жарияланды. Бұл басылым биохимия саласындағы ең беделді ғылыми журналдардың бірі саналады, бұл зерттеудің ғаламдық ғылым үшін маңыздылығын көрсетеді. Қазақстанда бұған дейін осындай деңгейдегі ғылыми жұмыс жарияланған емес. Айжан Ахмади бұл нәтижеге жету үшін сегіз ай бойы журналдың редакциясы мен сарапшыларының талаптарын орындауға тырысқанын айтты: «Бұл – біздің табандылығымыздың жемісі», — деді ол.

Зерттеу 2019-2023 жылдар аралығында Назарбаев Университетінің «Адамның DJ-1 ақуыз сигнализациясының молекулалық механизмдері» гранты аясында жүргізілді. Жұмысты Айжан Ахмади мен медицина мектебінің магистранты Әділхан Ескендір, сондай-ақ университеттің ассистент-профессоры Дархан Өтепбергенов жетекшілігімен жүзеге асырылды.

Дархан Өтепбергеновтің ғылыми салада 20 жылдық тәжірибесі бар, оның ішінде ол әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда жұмыс істеген. Дегенмен, ол өз мансабындағы ең үлкен жетістігіне туған елінде жеткенін ерекше атап өтті: «Мен Германияда, Ресейде, АҚШ-та қызмет еттім, бірақ осы ғылыми жетістікке елімізде қол жеткізгенім мен үшін үлкен мақтаныш», — деді ғалым.

Айжан Ахмади Ұлыбританияда білім алған және шетелде оқу барысында ғылымға деген қызығушылығы арта түскенін айтады. Ол паркинсон, Альцгеймер және қатерлі ісік ауруларын зерттеуге қызығушылық танытады. «Ғылым — үздіксіз ізденіс, сен үнемі жаңа нәрсені үйренесің және мақсатқа жету үшін бар күшіңді саласың. Бұл үдеріс мені шабыттандырады», — дейді жас ғалым.

Айжан елімізде жас ғалымдарға көптеген мүмкіндіктер бар екенін, соның ішінде «Жас ғалым» гранты секілді мемлекеттік қолдаудың зерттеушілердің ғылымға деген қызығушылығын арттыратынына сенімді. «Қазақстанда жас ғалымдарға арналған көптеген гранттар бар. «Жас ғалым» грантына өтініш беріп, зерттеу жүргізуге болады. Ғылымдағы ең басты қасиет — табандылық пен білімге құштарлық. Біз тек бастамасымызды жасадық, алда үлкен жаңалықтар күтуде», — деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР