2025 жылдың басынан бері баласының түнгі уақытта қараусыз жүруіне жол бергені үшін 107 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет сағатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанымен, бұл бағытта шешімін таппаған мәселелер аз емес.
– Жыл басталғалы 1 600 қылмыс тіркелді. Олардың көпшілігі – ұрлық, бұзақылық, тонау, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар. Қылмыстың негізгі себебі – ата-ана тарапынан бақылаудың болмауы. Түнгі мезгілде қараусыз жүрген балалар үшін 107 мың ата-ана және 1 900-ден астам ойын-сауық орнының иесі әкімшілік жауапқа тартылды. 4 200 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді, – деді Ержан Сәденов.
Сонымен қатар министр қазіргі уақытта 5 100 бала мен 6 400 ата-ана профилактикалық есепке алынғанын атап өтті.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектептерге ювеналдық полиция, учаскелік инспекторлар мен жедел қызметкерлер бекітілген. Түсіндіру жұмыстары аясында оқу орындарында 73 мыңнан астам дәріс өткізілген.
– Құрдастарына теріс ықпал ететін 1 800 бейресми «көшбасшы» анықталды. Олардың арасында қорқытып ақша алу секілді 59 құқықбұзушылық фактісі тіркеліп, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, былтырғы заңнамадағы өзгерістер негізінде буллинг үшін 256 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді министр.