2525-10-14

Аягөздік оқушы жас шебер ұлттық өнерді дәріптеп жүр

Абай облысы, Аягөз ауданындағы №5 мектептің 7-сынып оқушысы Әлихан Салихан заманауи гаджеттер мен әлеуметтік желілерге әуестенбей, ата-баба мұрасын серік еткен. Ол — ұлттық қолөнерге ерекше ынта танытып, қамшы өрудің 15 түрлі әдісін меңгерген жас шебер.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Әлихан күрделі қамшы өрімдерін өздігінен үйренген. Қазіргі таңда ол дойыр, өрме, сегіз өрім, тобылғы сапты, шынжыр баулы, алақанды, сәндік секілді қамшы түрлерін еркін өре алады.

– Қамшы – бұл тек бұйым емес, бұл – тарих пен рухтың символы. Әр өрімді жасаған сайын ата-бабаларымыздың ерлікке толы өмірі көз алдыма келеді. Мақсатым – осы өнерді терең меңгеріп, қатарластарыма үлгі болу және ұлттық мұраға деген құрмет пен қызығушылықты арттыру, – дейді Әлихан.

Қолөнерге бала кезден әуес болған ол алғаш қамшы өрімін әкесінен үйренген. Бүгінде Әлихан тек шеберлікпен шектелмей, қамшының шығу тарихын да зерттеп жүр.

Соңғы жаңалықтар