2025 жылдың 15–17 қазаны аралығында Алматы қаласында инклюзивті білім беру саласындағы ең ірі халықаралық іс-шара — World Inclusion Congress (WIC 2025) өтеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Конгресс ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Ұлыбританиядағы International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) ұйымы және отандық “HOPE” қорының бастамасымен ұйымдастырылуда.
Инклюзивті білім беру – еліміздің білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр баланың тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етудің маңызын үнемі атап өтеді.
Ауқымды шараға 40-тан астам елден 1200-ге жуық делегат қатысады. Олардың қатарында министрлер, білім саласының сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен алдыңғы қатарлы университеттер, сондай-ақ EdTech компанияларының өкілдері бар.
Конгресс барысында педагогикалық жаңашылдықтар, заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің инклюзивті білім берудегі орны кеңінен талқыланады. Сонымен қатар, инклюзияны дамыту, халықаралық ынтымақтастық және инклюзивті саясат тақырыптарында пленарлық сессиялар мен дөңгелек үстелдер өтеді.
Шара аясында цифрлық технологиялар мен қолжетімді ортаға арналған инновациялық көрме ұйымдастырылмақ. Конгресс соңында инклюзивті білім берудің даму бағыттарын қамтитын Алматы декларациясының жобасы қарастырылады.