2525-10-11

Діни көзқарас салдарынан үш бала білімсіз қалды – анасы жауапқа тартылды

Семей қаласының прокуратурасы «Отбасының цифрлық картасы» жобасын іске асыру барысында төрт баланың міндетті орта біліммен қамтылмағанын анықтады.

Анықталған жағдайлардың бірі — деструктивті діни көзқарасты ұстанатын отбасымен байланысты. Бұл отбасында 8 бен 13 жас аралығындағы үш бала тәрбиеленіп жатқанымен, ата-анасының діни наным-сеніміне байланысты олар мектепке жіберілмеген. Нәтижесінде балалар ерте жастан білім беру жүйесінен тыс қалған.

Прокуратураның араласуымен уәкілетті органдар балалардың білім деңгейін бағалап, оларды мектепке қабылдады. Балалардың анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, осы іске қатысы бар лауазымды тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылды.

Тағы бір жағдай 9 жастағы психикалық дамуы тежелген балаға қатысты. Балаға мүгедектік рәсімделмегендіктен, ол мектепте де, арнайы білім беру мекемесінде де оқи алмаған.

Прокуратура бұл жағдайда да шара қолданып, баланы психикалық денсаулық орталығына жіберуге және ресми медициналық қорытынды алуға көмектесті. Осы негізде оның оқу бағыты айқындалды. Баланың заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Семей қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмысын жалғастырып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар