Қазақстан мектептерінде жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру мақсатында жаңа жоба іске асырылады. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 2025-2026 оқу жылында еліміздің жалпы білім беру ұйымдарында 1000 бейіндік сынып ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама аясында 31 мыңнан астам оқушы кәсіби бағыттағы біліммен қамтылмақ.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, жоба мақсаты — оқушыларды еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтарына ерте бейімдеу, кәсіби бағдарлауды жүйелі түрде енгізу және техникалық-кәсіптік білімге қызығушылықты арттыру.
Жаңа бейіндік сыныптар техникалық және инженерлік бағыттармен қатар, IT, ауыл шаруашылығы, экология, көлік, логистика, қызмет көрсету, мәдениет, медицина және әлеуметтік салаға да бағытталатын болады.
— Бұл сыныптар 9–11-сынып оқушыларына арналып, өңірдегі нақты кадр тапшылығын ескере отырып жасақталады. Жобаны жүзеге асыруға колледждер, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер де тартылатын болады. Сонымен қатар, бейіндік бағытты оқу жылы ішінде екі рет өзгерту мүмкіндігі қарастырылған, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бұл жоба мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың нақты мамандыққа деген көзқарасын қалыптастырып, кәсіби жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі.