Алматыда жыл соңына дейін 21 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушы орындарының тапшылығы айтарлықтай қысқарады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков хабарлады.
Қазіргі таңда Алматыда 349 мектеп жұмыс істейді, онда 354 мыңнан астам оқушы білім алуда. Халық санының жыл сайынғы өсуіне байланысты қалада 33 мыңнан астам оқушыға мектепте орын жетіспейді.
– Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биыл бұл тапшылық 16 500 орынға дейін азаймақ, – деді әкім орынбасары.
Қалада «Келешек мектептері» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Қазір жалпы сыйымдылығы 34,8 мың оқушы орнын құрайтын 21 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде 12 600 орындық 8 мектеп ашылып үлгерсе, қазан айының соңына дейін тағы 10 500 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі.
Бұған қоса, жеке инвестициялар есебінен салынған 11 700 орындық 8 мектеп биыл «сатып алу» тетігі арқылы қала балансына өтеді.
2025 жылдың соңына дейін тағы бір мектеп ашылып (550 орын), 2 мектеп сатып алынады (2100 орын). Сондай-ақ 6 мектепке қосымша жапсаржайлар салу арқылы тағы 1 795 орын қосылады.
Сонымен қатар қалада «2025–2027 жылдарға арналған 1300 мектепті жаңарту» жобасы аясында 31 мектепті жөндеу жоспарланған. Биылдың өзінде 15 мектепте жаңарту жұмыстары жүргізіледі, оның 6-ында құрылыс басталып кеткен. Келесі жылы тағы 9, ал 2027 жылы 7 мектеп жөндеуден өтеді.
Жаңарту жұмыстары мектептердің сейсмотұрақтылығын арттырып, қосымша 5 мың оқушы орнын қамтамасыз етеді.