2525-10-11

Ж. Сүлейменова: Мұғалімдерге қосымша жүктеме болмауы тиіс

Астана қаласында Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім саласының жетекшілері мен өңірлерден келген үздік мұғалімдер және ардагер ұстаздар қатысты.

Министр ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын кешенді түрде дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда елімізде білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, мұғалімдердің кәсіби мәртебесін арттыру мен әлеуметтік қолдау бағытында нақты қадамдар жасалып жатқаны айтылды.

— Ұстаз — жас буынның дүниетанымын қалыптастырып, өмірлік ұстанымдарын айқындайтын маңызды тұлға. Олар балаларды үздіксіз білім алуға, өзін-өзі дамытуға бағыттап, болашаққа сеніммен қарауға үйретеді. Осы себепті ұстаздар еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, қоғамда лайықты құрметке ие, — деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

Министр сондай-ақ білім мен тәрбие беруде мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы серіктестіктің маңызын атап өтті. Қазіргі заманда білім саласы жаһандық үдерістер мен жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллектті тиімді пайдалануға бейімделіп келеді. Осы орайда министр педагог қауымдастығымен өз ой-пікірлерін бөлісті.

— Біріншіден, мектептерде сапалы әрі тәжірибеге негізделген білім берілуі қажет. Біз «Заң мен тәртіп» ұстанымы мен «Таза Қазақстан» бастамаларының іске асуына ерекше көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумда атап өткендей, жасанды интеллект технологияларын ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау үшін енгізу — өте өзекті мәселе.
Екіншіден, біз «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы оқушылардың моральдық және адамгершілік қасиеттерін дамытуды жалғастырамыз.
Үшіншіден және ең маңыздысы — мұғалімдердің кәсіби даму мүмкіндіктерін арттыру мен олардың шығармашылығына қолайлы жағдай жасау басты міндетіміз болады, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар, министр мұғалімдердің оқу процесіне қатысы жоқ қосымша жұмыстарға тартылмауы керектігін баса айтты. Салтанатты жиын барысында кәсіби жетістіктері мен шәкірттерінің жоғары нәтижелерімен ерекшеленген бірқатар педагогтар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаттарымен наградталды.

 

Соңғы жаңалықтар