2525-10-03

Ядролық энергетика бойынша білім беру бағдарламалары іске қосылды

Қазақстанда ядролық энергетика саласы бойынша мамандар даярлау қарқынды жүргізілуде

Қазақстанда атом энергетикасы саласына қажетті инженерлер мен ғылыми кадрларды даярлау жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше жоғары оқу орны базасында ядролық энергетика бағытында арнайы білім беру бағдарламалары ашылған. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сәтбаев университеті, Шығыс Қазақстан және Түркістан өңірлеріндегі жоғары оқу орындары осы бағытта кадр дайындауды бастап кетті. 2024 жылдан бастап Шығыс Қазақстандағы университет Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) бекіткен бағдарлама негізінде оқытуды қолға алған.

Сонымен қатар, 2026 жылы Қазақстанда ядролық энергетика саласы бойынша жетекші білім ордаларының филиалдары ашылады. Атап айтқанда, Францияның Гренобль университетінің филиалы және Кореяның ұлттық зерттеу институты — KAIST базасында ядролық физика мамандарын даярлау көзделіп отыр.

«Біз бұл бағытта тек Ресей емес, АҚШ, Франция және Қытай елдерінің де тәжірибесін ескеріп, заманауи талаптарға сай мамандар даярлауға басымдық беріп отырмыз», — деді Саясат Нұрбек.

Соңғы жаңалықтар