Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес отырысында заманауи технологиялардың білім беру саласына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Дегенмен Мемлекет басшысы білім мен құндылықтарды қалыптастырудағы негізгі рөл мұғалімнің қолында қалатынын қадап айтты.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллект білім берудегі қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, әсіресе шағын жинақты мектептер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кешенді қолдау көрсете алады.
Басты мақсатымыз – шынымен де инклюзивті білім беру ортасын құру. Бұл – Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Тоқаев жаңа технологияларды енгізу барысында ұлттық мәдениет пен құндылықтарға ұқыпты қарау қажеттігін ескертті.
Жаңа технологияларды игерсек те, ұлттық болмысымызды – мәдениетіміз бен құндылықтарымызды сақтауымыз қажет. Білім беру жүйесіне халқымызға жат идеялар мен көзқарастар енбеуі тиіс. Жасанды интеллект ел мүддесіне қызмет етіп, руханиятқа, мәдени мұраға және ұлттық бірегейлікке зиян тигізбеуі керек, – деді Президент.
Айтуынша, ең жетілдірілген алгоритмдердің өзі қате немесе үстірт материал беруі мүмкін.
ЖИ тек көмекші құрал бола алады. Ал білім сапасы мен тәрбиелік мазмұны үшін жауапкершілік машинада емес, адамда болуы тиіс. Ұстаз – сапалы білімнің басты кепілі, – деп атап өтті Тоқаев.