2525-10-03

Қазақстанда қосымша білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілуде

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдан бастап Қазақстанда қосымша білім беру саласына ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл жүйе балаларды шығармашылық, спорт және білім беру бағытындағы үйірмелер мен секцияларға кеңінен тартуға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, пилоттық жоба қазіргі таңда Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда. Біріңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі арқылы ата-аналар өз балалары үшін қосымша білім беру ұйымдарын өз бетінше таңдай алады.

Тәрбие және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы Алтай Рахимберлиннің айтуынша, бүгінгі таңда 300 мыңнан астам оқушы ваучер иеленіп, қосымша біліммен қамтылды. Ата-аналар қалауы бойынша баланың үйірмесін немесе секциясын құжаттарды қайта тапсырусыз өзгерте алады. Бұл жағдайда ваучер күші жойылмайды.

Қаржыландыру «бір бала — бір ваучер» қағидатына негізделген. Бұл тәсіл барлық оқушыға тең мүмкіндік беріп, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бақылау орнатуға мүмкіндік береді.

Аталған бастама Оқу-ағарту министрлігімен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Соңғы жаңалықтар