2525-10-03

Суға салсаң, жарық береді: оқушы ойлап тапқан генератор

Абай облысы, Бесқарағай ауданына қарасты Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ерасыл Бейсенгазинов экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, шағын әрі портативті генератор құрастырып шықты.

Жас өнертапқыштың айтуынша, құрылғыны іске қосу үшін өзен немесе су қоймасы қажет емес — шағын көлемдегі су жеткілікті. Генератордың жұмыс істеу механизмі қарапайым: контейнердегі су шағын сорғы арқылы қалақшаларға бағытталып, олардың айналуы арқылы электр энергиясы өндіріледі. Құрылғы күн немесе жел энергиясына тәуелді емес, сондықтан оны ауа райына қарамастан кез келген жерде қолдануға болады.

Құрылғыны дайындау барысында оқушы қолда бар, қолжетімді материалдарды пайдаланған. Дөңгелек бөлігі ескі грампластинкалардан жасалса, қалақшалар пластик бөтелке қақпақтарынан құрастырылған. Ал генератор ретінде ескі принтердің бөлшектері пайдаланылып, су сорғысы ретінде ойыншық су бұрқақ қозғалтқышы қолданылған. Электр энергиясы жарықдиодты шамдарды жағуға жеткілікті қуат өндіреді.

Ерасыл Бейсенгазинов алдағы уақытта құрылғының қуатын арттырып, оны тұрмыстық техникаларды қосуға бейімдеуді жоспарлап отыр.

Жас өнертапқыштың бұл жобасы — оқушының техникаға деген қызығушылығы мен шығармашылық қабілетін көрсетумен қатар, энергия үнемдеудің қолжетімді әрі тиімді жолдарын іздеуге қосқан нақты үлесі.

Соңғы жаңалықтар