Абай облысының оқушысы ауаны ылғалдандыратын ақылды құрылғы жасап шығарды
Абай облысының әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, өңірдегі мектеп оқушысы ауаны ылғалдандыратын әрі сөйлей алатын ерекше робот жасап шығарды.
Аягөз ауданындағы №1 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Нұриллә Даулетқызы экологиялық бағыттағы жаңашыл жобасын таныстырды. Ол бөлмедегі ауаның ылғалдылық деңгейін бақылап, қажет болғанда автоматты түрде ылғалдандырғышты іске қосатын робот құрастырған.
Құрылғы ауаны тұрақты түрде қадағалап, құрғақтық байқалса, автоматты түрде жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар, ол ауа жай-күйі туралы нақты мәліметтерді дауыстап жеткізеді және энергияны үнемдеумен ерекшеленеді. Бұл робот үй жағдайында ғана емес, мектеп пен кеңсе секілді орындарда қолдануға да ыңғайлы. Сондай-ақ бөлме өсімдіктеріне де пайдалы әсері бар.
Жас өнертапқыш құрылғыны жасау үшін сенсорлармен жұмыс істеуді меңгеріп, сызбасын жасап, 3D моделін әзірлеген. Ол құрылғыны өзі бағдарламалап, құрастырып шыққан. Қазірдің өзінде мектептегі тәжірибеден де сәтті өткізген.
— Мақсатым — адамдар үшін жайлы орта қалыптастырып, денсаулық пен табиғатты қорғауға үлес қосу. Болашақта бұл роботты одан әрі дамытып, күнделікті өмірге қолжетімді еткім келеді, — дейді Нұриллә.
Келешекте оқушы өз роботына жасанды интеллект элементтерін енгізіп, оны экологиялық мониторинг жүйесіне бейімдеуді көздеп отыр. Оның айтуынша, бұл жоба тұрмыста ғана емес, білім беру мен өндіріс салаларында да тиімді пайдаланылуы мүмкін.