2525-09-11

200 мыңнан астам педагог ЖИ бойынша курстан өтті

Қазақстанда мұғалімдердің цифрлық сауатын арттыруға арналған тегін оқыту курстары жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылы басталғалы 200 мыңнан астам ұстаз жасанды интеллектті сабақтарда тиімді қолдануды үйреніп, олардың 140 мыңға жуығы арнайы сертификат алып үлгерді. Ең белсенді қатысқан өңірлер — Шымкент, Түркістан және Жамбыл облыстары. Қатысушылардың басым бөлігі — бастауыш сынып мұғалімдері.

Курсты «Өрлеу» ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп дайындаған. Бағдарлама халықаралық тәжірибе негізінде жасалып, қазақстандық ұстаздарға бейімделген. Оқу барысында мұғалімдер ЖИ құралдарын дұрыс әрі тиімді қолдану, промпт жазу, сабақ жоспарын құру, тесттер мен оқу материалдарын дайындауды меңгереді.

Кез келген мұғалім reg.orleu.edu.kz сайтына тіркеліп, LMS платформасы арқылы қалаған уақытында онлайн оқи алады. Курстар тегін.

Айта кетейік, бұған дейін де министрлік оқулықтарды сараптау үшін педагог-сарапшыларды іріктеуді бастағанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар