2025–2026 оқу жылында дуальды оқуға тартылған студенттер саны 135 мыңға жетеді
Жаңа оқу жылында еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде дуальды оқумен қамтылған студенттердің саны 135 мыңға дейін өседі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 мыңға артық. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Дуальды білім беру жүйесі студенттерге теорияны өндірістік тәжірибемен ұштастырып меңгеруге жағдай жасайды. Студенттер оқу мерзімінің 60%-ын өндірістік ортада өткізіп, сұранысқа ие мамандықтарды тәжірибе жүзінде игереді.
Қазіргі таңда бұл жүйеге еліміздегі 552 колледж және 18 мыңнан астам кәсіпорын тартылған. Аталған компаниялар машина жасау, құрылыс, энергетика, ақпараттық технологиялар және сервис салаларын қамтиды. Осындай әріптестік формат студенттерге нақты тәжірибе берсе, жұмыс берушілерге өз өндірісіне қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
— Дуальды оқытуды дамыту — техникалық және кәсіптік білім беру саласының басты бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған колледж түлектерінің 70%-дан астамы оқуын аяқтағаннан кейін бірден мамандығы бойынша жұмысқа орналасып жатыр, — деді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Муханбетов.
2024 жылы дуальды жүйе бойынша мемлекеттік тапсырыспен білім алған 30 мыңнан астам түлек оқуын аяқтады, олардың 71%-ы бүгінде жұмыс істеп жүр.
Елде жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту аясында 2027 жылға дейін дуальды біліммен қамтылған студенттердің үлесі 50%-ға жеткізілмек. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың қатарында Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп Халықаралық дуальды оқыту орталығын құру және «Атамекен» ҰКП қолдауымен тәлімгерлік институтын дамыту жоспарланған.