9-сынып оқушысы ауыл шаруашылығына арналған бірегей құрылғы ойлап тапты
Абай облысына қарасты Жарма ауданындағы Георгиевка орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ералы Қыстаубай ауыл шаруашылығы саласына арналған инновациялық құрылғы жасап шығарды. Бұл жайлы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқушы өз жобасында күн энергиясымен жұмыс істейтін, топырақ ылғалдылығын анықтап, автоматты түрде су жіберетін робот құрастырған. Құрылғы құрамына басқару жүйесі, аккумулятор, қозғалтқыш, дөңгелек және сорғы кіреді.
Жас өнертапқыштың басты мақсаты – суды тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын жақсарту. Ералының айтуынша, бұл робот су шығынын азайтып қана қоймай, еңбек өнімділігін арттырып, жұмыс күшін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Құрылғыны жылыжайларда, егістіктерде және бақшада қолдануға болады.
Жоба аясында ол сенсорлармен жұмыс істеуді үйреніп, суару жүйесінің тиімді алгоритмін әзірледі. Сонымен қатар роботтың сызбасын жасап, 3D моделін дайындап, микроконтроллерді бағдарламалап, құрылғыны толық құрастырды. Құрылғыны мектеп ауласында және жылыжайда сынақтан да өткізіп көрді.
— Мақсатым — табиғатты сақтау және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу. Болашақта бұл құрылғыны фермерлерге ұсынғым келеді, — дейді Ералы.
Оқушы алдағы уақытта құрылғыға жасанды интеллект элементтерін қосып, оны ауыл шаруашылығына кеңінен енгізуді жоспарлап отыр. Оның ғылыми жетекшісі — информатика пәнінің мұғалімі Жанар Шаймұратова.