AI-Sana бағдарламасы аясында барлық студенттер жасанды интеллект бойынша білім алады
Қазақстанда «AI-Sana» атты жаңа бағдарлама енгізіліп, бакалавриат деңгейіндегі әрбір студент жасанды интеллект бойынша курстардан өтетін болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған AI-Sana бағдарламасының басты мақсаты — студенттерге жасанды интеллект құралдарын әртүрлі салада қолдануды үйрету, оларды кәсіпкерлікке баулу және стартап жобалар жасауға ынталандыру. 2025 жылдың ақпан айынан бастап еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының студенттері бұл курстан өтуге міндетті. Арнайы сертификатталған оқыту курстарын Google, Nvidia, Huawei және Astana Hub әзірлеген. Қазіргі таңда 650 мыңнан астам студенттің 429 мыңы және 3 мыңнан астам оқытушы осы бағытта сертификат алып үлгерді, — деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, бағдарлама төрт негізгі кезеңнен тұрады:
-
Алғашқы кезеңде студенттер Coursera, Huawei және Astana Hub платформаларында жасанды интеллекттің негіздерін меңгереді.
-
Екінші кезеңде олар AI құралдарын нақты жобаларда қалай қолдану керектігін, кәсіпкерліктің негіздерін және жаңа идеяларды дамыту жолдарын үйренеді.
-
Үшінші кезеңде студенттер өз жобаларын жасап, тәжірибелі менторлар мен сарапшылардың қолдауымен оларды жетілдіреді.
-
Соңғы кезеңде үздік жобалар стартапқа айналып, халықаралық деңгейге шығу мүмкіндігіне ие болады.
Осылайша, AI-Sana бағдарламасы жасанды интеллект саласында жаңа буын мамандарын дайындап, ел экономикасына тың серпін беруді көздейді.