Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы оқулықтарды сараптау жұмысына тарту үшін педагог-сарапшыларды іріктеудің жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, барлық іріктеу рәсімдері E-EXPERT.GOV.KZ онлайн платформасында өтеді. Бұл жүйе еліміздің кез келген өңіріндегі мұғалімдерге бірдей мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта орталықтың дерекқорында жаңа форматтағы оқыту мен байқаудан сәтті өткен 400-ден астам сарапшы тіркелген.
E-EXPERT.GOV.KZ платформасы іріктеудің негізгі кезеңдерін – құжаттарды тексеру, тестілеу, сұхбаттасу, эссе жазу, модульдік оқыту мен қорытынды сертификаттауды толықтай автоматтандырған.
— Платформаның енгізілуі іріктеу үдерісінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырды. Бүгінде біз сарапшылардың кәсіби қауымдастығын тиімді қалыптастырып, педагогтерді сапалы түрде іріктеуге қол жеткіздік, — деді орталық басшысы Назира Абдрахманова.
Орталық еліміздің түкпір-түкпіріндегі педагогтерді байқауға қатысуға және Қазақстандағы орта білім сапасына ықпал ететін кәсіби қауымдастықтың мүшесі болуға шақырады.