2525-09-09

Оқулықтарды жаңарту: қажеттілік пе, әлде шығын ба?

Оқулықтар неге жиі жаңартылады және бұл неге шығынға ұшыратады?

Соңғы бес жыл ішінде мектеп оқулықтарының жиі жаңартылуы ел экономикасына шамамен 16 миллиард теңге шығын келтірді. Бұл туралы жыл басында Жоғары аудиторлық палата мәлімдеген. Оқулықтар не себепті жиі ауыстырылады? Биыл нақты қандай сыныптардың кітаптары жаңарды? Осы сұрақтарға Kazinform агенттігі жауап іздеп көрді.

Ауыр сөмке мен сапасыз мазмұн — ата-аналардың басты шағымы

Астана тұрғыны Индира Қуанышева балаларының мектепке ауыр сөмке арқалап барғанын айтып, оқулықтардың салмағы мен форматына байланысты қолайсыздықты еске алды. Кітаптардың өлшемі әртүрлі болғандықтан, жинақтауға да ыңғайсыз. Оның айтуынша, оқулықтарда кейде мәтіндер сөзбе-сөз аударылып, түсініксіз болатын. Жаратылыстану пәндеріндегі тапсырмалар тым күрделі болып, жоғары сынып деңгейінде берілген кездер де болған.

Оқулықтар неге өзгереді?

Оқулықтардың өзгеруінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, мемлекеттік білім стандарттары (МЖМБС), үлгілік оқу жоспарлары (ҮОЖ) және оқу бағдарламаларына (ҮОБ) өзгерістер енгізілген кезде оқулықтар да соған бейімделіп жаңартылады. Бұл жұмысты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы атқарады.

Мысалы, ҮОЖ-ге енгізілген өзгерістерге байланысты 4-сыныптың оқулықтары қайта басылды. Бұрын қазақ мектептерінде орыс тілі 1-сыныптан оқытылса, енді 2-сыныптан бастап енгізіледі.

Сонымен қатар, ережеге сай әр 5 жыл сайын оқулықтар жоспарлы түрде жаңартылады. Бұл — мәліметтерді, статистиканы жаңарту және оқыту әдістемесін жетілдіру үшін жасалатын процесс.

Биыл қандай оқулықтар жаңартылды?

2024–2025 оқу жылында 6 сыныптың оқушылары жаңартылған оқулықпен оқуды бастады. Сондай-ақ, көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы оқулықтар да жаңартылды.

Атап айтқанда, келесі пәндер бойынша жаңа оқулықтар енгізілді:

  • 4-сынып: орыс тілі, ағылшын, француз, неміс тілдері, цифрлық сауаттылық, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, жаратылыстану.
  • Көру қабілеті бұзылған балаларға: 1, 4, 7, 10-сынып оқулықтары.
  • 7-сынып: 13 пән бойынша оқулықтар.
  • 8, 10, 11-сынып: Қазақстан тарихы, география, алғашқы әскери дайындық, құқық негіздері және технологиялық дайындық пәндері.

Жаңа оқулықтар қандай?

Білім мазмұнын сараптау орталығының мәліметінше, QR-кодтар енгізілген соң оқулықтардың бет саны мен салмағы азайған. Мысалы, бұрын 7-сыныптың география оқулығы екі кітаптан тұрса, енді бір кітапқа біріктірілген. Сондай-ақ:

  • Функционалдық сауаттылыққа арналған тапсырмалар қосылған;
  • Карталар мен статистика жаңартылған;
  • Интерактивті бейнематериалдар қосылған (QR-код арқылы көруге болады).

2025–2026 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқаулықта “Адал азамат” құндылықтарын енгізу, жасанды интеллектіні қолдану және функционалдық сауаттылықты дамыту ұсынылған.

Оқулықтардың форматы қандай болуы керек?

2020 жылдан бастап, ҚР Оқу-ағарту министрлігі оқулықтардың бірыңғай форматын бекітті. Енді 1–11-сынып аралығындағы барлық оқулықтар бірдей көлем мен стандартқа сай шығарылады. Оқу материалдарына қойылатын гигиеналық нормалар да бар:

  • 1–4-сынып: 300 грамнан аспауы керек;
  • 5–6-сынып: 400 г;
  • 7–9-сынып: 500 г;
  • 10–11-сынып: 600 г.

Оқулықтарды кім таңдайды?

Білім мазмұнын сараптау орталығы оқулықтарды дайындау кезінде қоғамның, ата-аналар мен мұғалімдердің пікірін ескереді. Назира Абдрахманованың айтуынша, келіп түскен шағымдардың 25%-ы ғана нақты дәлелдерге негізделген. Қалғаны — субъективті пікірлер.

Мұғалімдер мен ата-аналар оқулық сапасына қатысты сауалнамаларға қатыса алады. Мысалы, №97 мектеп-гимназиясының мұғалімі Айгүл Сәдуақасова 3-сыныпқа арналған бейнелеу өнері мен еңбекке баулу пәні бойынша пікір білдірген.

Бүгінде шамамен 20 баспа оқулықтар шығарады. Мұғалімдер қай баспаның оқулығын пайдаланатынын өздері ETANDAU.GOV.KZ платформасы арқылы таңдай алады. Бұл жүйені 2024 жылы 60 мыңға жуық педагог қолданған.

 

Соңғы жаңалықтар