2525-09-09

Қазақстанда бірден 11 жаңа мектеп ашылды — кім қаржыландырды?

Қазақстанда 8 мыңнан аса оқушыға арналған 11 жаңа мектеп ашылып, пайдалануға берілді. Бұл білім беру нысандарының құрылысы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысымен жүзеге асқан, деп мәлімдеді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған қор 2023 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылып, оның бюджеті жемқорлық істері бойынша қайтарылған қаражат есебінен толықтырылып отырады. Қордың басты мақсаты – үш ауысымды оқытуды жою, апатты жағдайдағы мектептер мен оқушы орны тапшылығын шешу, сондай-ақ жаңа мектептер салу және барларын қайта жаңғырту.

Қазіргі таңда бұл қор 100 мыңнан астам оқушы орнын қамтитын 89 мектептің құрылысын қаржыландырды.

Соңғы екі жыл ішінде 83 мың оқушыға есептелген 74 жаңа мектеп бой көтерді. Оның ішінде 11 мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында есігін ашты.

Бұдан бөлек, 1 қыркүйекке дейін ел бойынша жалпы саны 111 мың оқушы орнына лайықталған 83 жаңа мектеп іске қосылды. Оның 57-сі — «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, 11-і — Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы, ал 15 мектеп — инвестициялар есебінен салынған. Жыл соңына дейін тағы шамамен 140 мың оқушыға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар